389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда полицейлер өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірім қызды құтқарды

  • 378
  • UPD: 22:42, 19.06.2019
Оралда полицейлер өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірім қызды құтқарды

Жас өмірдің қыршыннан қиылуына жол бермеген Нұрболат Смағұл мен Нұржан Гумиров мұны ерлікке баламайды, тек азаматтық борышымыз деп санайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оқиға куәгерлері болса қайғылы жағдайдың алдын алған азаматтарға дән риза. 

Әдеттегі жұмыс күндерінің бірі еді. Тәртіп сақшылары Нұрболат Смағұл мен Нұржан Гумиров қызметтік міндеттерін атқарып жүрген. Кенет кезекші бөлімнен жедел шақырту жетті. 17 жастағы бойжеткен Еуразия көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің шатырынан секірмек болған. Оқиға орнына жеткен екеуі бірден қызды құтқаруға кіріседі.   

Нұрболат Смағұл, облыстық ПД патрулдық полиция батальонының взвод командирі:

- Сол күні жаңбыр болғандықтан, шифер кішкене тайғақ болды. Алайда оған қарамастан қызды алаңдату мақсатында сұрақ қойдық. Алайда қыз бала ол сұрақтарымызға жауап бермеді. Яғни шатырдың шетінде отырып жылай берді. Сосын қызды алаңдата отырып жақындай түсіп құтқарып алдық. Серіктесім Гумиров Нұржан екеуіміз.

Сындарлы сәтте сауатты іс қимыл жасай білу де маңызды. «Сол күні тағдыры қыл үстінде тұрған қыздың ғана емес, полиция қызметкерлерінің өмірі үшін де алаңдадық», – дейді оқиға куәгерлері.

Нұржан Гумиров, облыстық ПД патрулдық полиция батальонының взвод командирі:

- Біріміздің апамыз, сіңліміз, ініміз дегендей, барлығы бір мемлекет болғандықтан, біз әрдайым көмек қолын созуға дайын болуымыз керек. Оны ерлік деп санамаймын, ол – біздің міндетіміз.

Дегенмен облыстық Полиция департаментінің басшылығы өжет полицейлердің әрекеті марапатқа лайық деген пікірде.

Айта кету керек, құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөлініп отыр. Саланы реформалау аясында шілдеден бастап саптық бөлімшелер қызметкерлерінің жалақысы – 65, ал жедел-тергеу бөлімшесі қызметкерлерінің жалақысы 55 процентке өспек. Сонымен бірге учаскелік инспекторлардың еңбекақысы да 25 процентке ұлғаяды. Облыс бойынша 600 полиция қызметкері баспанаға зәру. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында келешекте жас мамандар үшін баспана салу көзделіп отыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы