388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабай – ТМД елдері шипажайларының ең үздігі

  • 433
  • UPD: 08:32, 20.06.2019

Щучье-Бурабай курорты аймағы биыл ТМД елдерінің демалыс орындары арасында бірінші орынға шықты.

«ТурСтат» сараптамалық агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Бурабай инфрақұрылымдық дамуы мен жергілікті халықтың орыс тілін білуі себепті ТМД елдерінің азаматтарына жайлы деп танылған. Ал үздік бестікте Бурабайдан кейін Қырғызстанның Ыстықкөлі, Беларусьтің Нарочь көлі, Әзербайжанның Абшероны мен Арменияның Севан көлі тұр.

Бурабай жылдан-жылға түрленіп, туристер үшін тартымды аймаққа айналып келеді. Бұл өңірге былтыр 400 мыңдай адам саяхаттап келсе, биыл қонақтардың қатары 600 мыңнан асады деген болжам бар. Ал, курортты өлкеге алғаш рет келгендер Бурабайды не үшін таңдады екен?

БЛИЦ:

– Біз Бурабайды бала-шағамызбен, немерелерімізбен таңдап келдік. Табиғаты әдемі, жақсы, ауасы таза, демалып кетуге келдік.

– Бурабай тамаша! шетелдіктерді көріп, олар қазақтың ұлттық киімін киіп, фотоға түсіп, өздеріне естелікке алып кетіп бара жатқандары өте ұнады. Шетелдіктерді көріп, өзімнің еліме деген сүйіспеншілігім өте арта түсті.

Иә, Бурабай келушілерді ең алдымен өзінің тылсым табиғатымен тамсандырады. Аңызға толы «Оқжетпес» тауы, көлдің қақ ортасында орналасқан «Жұмбақтас», ну орман мен көлдер бәрі-бәрі адамды еріксіз баурап алады. Осындай кереметтерді асықпай аралап, тамашалау үшін биыл мұнда велосипед жолы салынды. Қонақүйлердің де қатары көбейіп, туристер үшін түрлі ойын-сауық нысандары пайда бола бастады. Дегенмен әлі де дамыта түсетін тұстары өте көп, - дейді, - демалушылар.

– Бұрын мен 1997 жылы келіп жүрген кезімде бұл жер ақылы емес болатын. Біз еркін қыдырып, суға түсіп, демалып кететінбіз. Ал енді осы жылы келіп тұрмын, қарап отырсам бір қадам аттасаң да барлығы ақылы боп кеткен.

Қызмет көрсету сапасы мен бағаның қымбаттығы бәсекелестік күшейгенде ғана реттеледі, - дейді мамандар. Мәселен, биыл Бурабай ауылының жанындағы өндірістік аумақ сүріліп, ол маңайдан таунхаустар бой көтермек. Яғни жаңа курорт салынады. Жалпы қазір Бурабайдағы қонақүйлерде 5 мыңнан астам бөлме бар болса, алдағы 10 жылдың ішінде олардың қатарын 9 мыңға жеткіземіз, - дейді салаға жауаптылар. Дегенмен ашық аспан астында тынығуды қалайтындардың да талап-тілегі ескеріледі.

Марат Иғали, облыс әкімінің орынбасары:

– Кемпинг зона дамытуды қарастырып жатырмыз. Себебі ресейлік туристердің көбісі палаткаларда және кемпингтерде демалады. Жоспар бойынша біздер сондай зоналарды жасағымыз келеді.

Айта кету керек, тек Бурабайға ғана емес, жалпы Ақмола облысына жыл сайын 1 млннан астам турист келеді. Ал 2025 жылға қарай саяхатшылардың қатарын 3 млн адамға жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы