389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдық полиция қызметкерлері өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірімді құтқарып қалды

  • 374
  • UPD: 11:22, 20.06.2019

Жас өмірдің қыршыннан қиылуына жол бермеген Нұрболат Смағұл мен Нұржан Гумиров мұны ерлікке баламайды, тек азаматтық борышымыз деп санайды.

Ал оқиға куәгерлері болса, қайғылы жағдайдың алдын алған азаматтарға дән риза. 

Әдеттегі жұмыс күндерінің бірі еді. Тәртіп сақшылары Нұрболат Смағұл мен Нұржан Гумиров қызметтік міндеттерін атқарып жүрген. Кенет кезекші бөлімнен жедел шақырту жетті. 17 жастағы бойжеткен Еуразия көшесіндегі көп қабатты үйлердің бірінің шатырынан секірмек болған. Оқиға орнына жеткен екеуі бірден қызды құтқаруға кіріседі.   

Нұрболат Смағұл, облыстық ПД патрулдық полиция батальонының взвод командирі:

– Сол күні жаңбыр болғандықтан, шатыр тайғақ болды. Алайда оған қарамастан қызға алаңдату мақсатында сұрақ қойдық. Алайда қыз бала ол сұрақтарымызға жауап бермеді. Яғни шатырдың шетінде отырып жылай берді. Сосын қызды алаңдата отырып жақындай түсіп құтқарып алдық. Серіктесім Гумиров Нұржан екеуіміз.

Сындарлы сәтте сауатты іс қимыл жасай білу де маңызды. «Сол күні тағдыры қыл үстінде тұрған қыздың ғана емес, полиция қызметкерлерінің өмірі үшін де алаңдадық», – дейді оқиға куәгерлері.

Нұржан Гумиров, облыстық ПД патрулдық полиция батальонының взвод командирі:

– Ол жерде біріміздің апамыз, сіңіліміз, ініміз болуы мүмкін. Мемлекет болғандықтан, біз әрдайым көмек қолын созуға дайын болуымыз керек. Оны ерлік деп санамаймын, ол жалпы біздің міндетіміз.

Дегенмен облыстық полиция департаментінің басшылығы өжет полицейлердің әрекеті марапатқа лайық деген пікірде. Айта кету керек, құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөлініп отыр. Саланы реформалау аясында шілдеден бастап саптық бөлімшелер қызметкерлерінің жалақысы 65, ал жедел-тергеу бөлімшесі қызметкерлерінің жалақысы 55 процентке өспек. Сонымен бірге учаскелік инспекторлардың еңбекақысы да 25 процентке ұлғаяды. Облыс бойынша 600 полиция қызметкері баспанаға зәру. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында келешекте жас мамандар үшін баспана салу көзделіп отыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы