384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 20 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді

  • 167
  • UPD: 13:47, 20.06.2019

Қостанай облысындағы білім беру нысандарын күрделі жөндеуге бөлінген қаражат былтырға қарағанда үш есе артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиырма мектеп, интернат және балабақшаларды қалпына келтіруге 2 жарым миллиард теңге қарастырылған.

Еден, есік, терезелердің тозығы жеткеніне жарты ғасырдан асқан. Қала орталығында ораналасқан бұл мектепті күрделі жөндеуге 582 млн теңге бөлінді. Биыл іші және сырты жаңа кейіпке енсе, келесі жылы ауласы абаттандырылады.

Анар Қабдулинова, қалалық №21 негізгі мектеп директоры:

– Мектептің іргетасы 1962 жылы қаланды. Содан бері күрделі жөндеу көрмеді. Жылумен қамту, электрмен жабдықтау, су жүйелері ескіріп, жиі істен шығатын. Ағымдағы жөндеу жасап бұл қиындықтарды уақытша шешіп жүрдік. Енді барлығы түгелдей ауыстырылады.

Жаңбырдан кейін су ағып, мазаны алатын шатыр мәселесі де шешіледі. Құрылысшылар төбені ауыстыруға дайын. Мұнда 50-60 жыл бойы шыдас беретін материалдар пайдаланылмақ.

Жасұлан Сәлмағамбетов, құрылыс жұмыстарының басшысы:

– Едендерін қопарып жатырмыз. Төбесі қопарылып тұр. Жұмыскерлер ішін әрлеп, сылап жатыр. Инновациялық құрылыс материалдар десек, біз қазір волма-қаптама кіргіземіз деп отырмыз.

Жаз мезгілінде облыстағы 20 білім беру нысаны жаңартылады. Мемлекеттік тапсырыс конкурсында жеңіп шыққан мердігерлерге қойылатын басты талап – жоғары сапа мен нысанды бекітілген мерзімде тапсыру. 

Василий Цымбалюк, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Жаңа мектептердің құрылысы да жалғасады. Биыл Қостанайдағы Әуежай шағын ауданында 900 орындық білім ордасы қолданысқа беріледі. Сондай-ақ облыс орталығында 1200 оқушыға арналған және Аманқарағай ауылында 320 орындық мектепті салу жұмыстары басталды.

Өңірдегі 40 білім беру нысаны күрделі жөндеуге зәру. Егер қаржыландыру көлемі азаймаса, онда бұл мәселе үш-төрт жыл аралығында шешімін табады, дейді салалық ведомства өкілдері.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы