384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық полицейлер атына халықтан 50-ден астам алғыс хат келіп түсті

  • 193
  • UPD: 22:01, 20.06.2019

Қостанайлық полиция жасағында қызметіне аса жауапты, антына адал, сертіне берік азаматтар жетерлік.

Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан тәртіп сақшылары атына 50-ден астам алғыс хат келіп түскен. Өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгелерді құтқара алған Рудный қаласының полицейлері туралы тілшіміз айтып береді. 

Учаскелік полицей Айдос Күлімбетовтың жұмыс орны осы көп қабатты баспана ғимаратында орналасқан. Былтыр оған үйдегі тұрғындарды эвакуациялауға тура келді. Үшінші қабаттағы пәтер лаулап жанып отқа  оранған. Сол кезде тәртіп сақшысы екі бірдей баланың өмірін арашалап қалды. 

Айдос Күлімбетов, учаскелік полиция инспекторы:

- Өрт пайда болғанда олар есікті ашып түтіннің бәрі сыртқа кетсін деген ғой. Ішінде жастықты алып отты өздері өшіріп жатыр. Есігі ашық тұр пәтердің. Оларды сыртқа подъездіге сосын далаға шығардым. Өрт сөндірушілерді күтпей қалған тұрғындарды эвакуацияладым.

Көк түтін бүкіл подъезді жайлаған. Өрт сөндірушілер келгенше Айдос әр пәтердің есігін қағып бәрін сыртқа шығаруға жәрдемдескен. 

Татьяна Бельгер, Рудный қаласының тұрғыны:

- Учаскелік полицейміздің батылдығы арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер де жедел әрекет етіп бәрімізді сыртқа аман алып шықты.  

Полиция капитаны Ернар Дүйсенов те тілсіз жаудан кісіні құтқарып қалды. Ол қысқы күні кешқұрым жұмыстан үйіне қайтарда құдықтан оттың лаулағанын байқайды. Жақындап қараса ішінде ес-түссіз күйде болған адам жатқан.

Ернар Дүйсенов, полиция капитаны:

- Көп ойланбастан үстімдегі курткамды шешіп ішіне қар толтырып құдыққа секірдім. Жанып жатқан адамды көріп отты сөндіріп  ішін түтін жайлап кетті. Содан кейін ол адамды жоғарыға шығару үшін тырыстым. Бірақ ол өте ауыр болды. Өзгелерді көмекке шақырдым. Түн уақыты болды. Ешкім жүрген жоқ.

Дегенмен, ержүрек полицей бар күшін салып ер кісіні шығарып алады. Құтқарылған азаматтың денесі 70 проценттей күйік шалған. Онымен қоса Ернарды да жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кетеді.

Екатерина Доминчук, Рудный қаласының тұрғыны:

- Мен осы оқиғаның куәгерімін. Бастан аяқ қалай болғанын көрдім. Полиция қызметкері бірден құдық ішіне секіріп, адам денесін сыртқа шығарды. Ол нағыз ержүректілік танытты. 

Ернар Дүйсенов, полиция капитаны:

- Ерлік деп санамаймын. Өйткені бұл әр адамның борышы. Мен өзім офицер болғандықтан бұл менің офицерлік, азаматтық борышым боп есептеледі. Өз өмірімді қатерге тіксем де өзгенің өмірі алдыңғы қатарда тұру керек.

Шұғыл және шешімді әрекеттер қабылдап, батылдық көрсеткен полицейлерге алғыстар көршілес Ресейден де ағылып жатыр. Шекаралас елдің азаматтарына жолда бір емес сан мәрте көмек көрсетілген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы