389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сыбаға» арқылы мал басын көбейткен фермерлер астананы азық-түлікпен қамтып отыр

  • 290
  • UPD: 22:36, 20.06.2019

Өткен жылы Ақмола облысының 35 шаруашылығы фермерлік шаруашылықтарды қолдау аясында ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды сиырлар сатып алды.

«Ырыс» және «Сыбаға» бағдарламалары бойынша несиелендірудің жалпы сомасы 1 млрд 400 млн теңгеден асты. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алған шаруалар қазір өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Бұл Кенесары ауылының тұрғыны Серік Омаровтың фермасы. Шаруа «Ырыс» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 21 млн теңге несие алып, оған 50 бас асыл тұқымды сиыр мен сауын аппаратын сатып алған. Қазір күніне 2 тонна сүт сауады.

Серік Омаров, жеке кәсіпкер:

- Биыл ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 77 млн теңге несие алып, тағы 100 бас асыл тұқымды сиырды Словакиядан сатып алмақшымыз. Олардың әрқайсысы күніне 20 литр сүт береді.

Ал Қымызнай ауылында тұратын Талғат Тәшіков, өзіндегі мал басын асылдандыру мақсатында Словакиядан биыл 53 бас «симменталь» тұқымды етті бағыттағы ірі қара әкелді. Сөйтіп, ол «Сыбаға» бағдарламасынан өз сыбағасын алып отыр.

Талғат Тәшіков, «Айдын» шаруа қожалығының басшысы:

- Мынау «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы алып жатырмыз несиені. Бергеннен екі жыл каникул беріп жатыр. Пайыздыққа да және основной долгқа да. Ол енді біз секілділерге көп көмек болады.

Жалпы Қымызнай ауылы бұрыннан қымызымен танымал. Ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан Алтай Қабдуллин, қазір 40 шақты бие сауып, күніне 120 литр қымызды Бурабайдағы шипажайларға өткізуде. Осылайша, ол да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр.  

Алтай Қабдуллин, жеке кәсіпкер:

- 6 млн теңге кредит алдым. 18 бас жылқы сатып алдым екі жыл бұрын. Міне биыл төлдеді малдарымыз. Осылай сауып жатырмыз ақырын-ақырын. Негізі тағы алатын ойымыз бар кредит. Тағы да бір 40 бас жылқыға.

Жалпы аймақтағы несие алған шаруалардың көбі елорданы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысуда. Ал ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы биыл ауыл кәсіпкерлерін демеуге 1 млрд 838 млн теңге бөлу жоспарланған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы