383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облыстық ІІД автопаркі тағы 86 жаңа көлікпен толықты

  • 159
  • UPD: 22:54, 20.06.2019

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің автопаркі тағы 86 жаңа көлікпен толықты.

Тәуелсіздік алаңында қаз-қатар тізілген су жаңа темір тұлпарлардың кілтін облыс әкімі Ерлан Қошанов салтанатты түрде табыс етті. Бұл келешекте қылмыстың алдын алуға, полиция қызметкерлерінің жұмысын жеделдетуге оң ықпал етеді екен.

Қарағанды облысында қылмыс азайып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда бірден 25 процентке төмендеген. Бұл алдын алу жұмыстарын күшейтудің нәтижесі дейді сала басшысы.  

Ерлан Файзуллин, Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшысы:

- Кісі өлімі, жәбірлеу, тонау, соққыға жығу қылмыстары былтырға қарағанда анағұрлым азайды. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Саламызда шешімін таппаған мәселелер әлі де жеткілікті. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамның тыныштығын сақтап, халықтың сенімін алу үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз.

Полиция қызметін жетілдіру үшін ең әуелі материалдық-техникалық базаны жақсарту керек. Бұл мақсатқа тек биылғы жылдың өзінде облыс бюджетінен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 90 проценті жергілікті полиция қызметін жабдықтауға жұмсалып отыр. 

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Бір қиянат көргенде, әділетсіздік көргенде, қиындыққа тап болғанда бірінші кімге жүгінеді? Әрине сіздерге, полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Сіздерден көмек күтеді, сіздерден қорған күтеді. Сондықтан қоғамның қорғаны, әр адамның қорғаны сіздерсіздер бүгінгі күнде.

Бұл күні тәртіп сақшыларына су жаңа 86 көліктің кілті тапсырылды. Оның 5-уі қылмыскерлерді, айыпталушыларды тасуға арналған. Ескі көліктермен салыстырғанда анағұрлым жақсы, - дейді тәртіп сақшылары. 

Азат Мұратбеков, полиция қызметкері:

- Екі отсек бар. Мында ер, мында әйел адамдар отырады. Люк, отдушныйлары бәрі бар, жақсы. Бұрын вентиляционный люктар аздау болды.

Айта кетейік, былтыр дәл осы уақытта жол сақшыларына төбесінде камерасы бар 137 көлік тапсырылған болатын. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғаса береді деді аймақ басшысы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы