389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жер аударылған поляктарды ажалдан құтқарып қалған қазақ Польшада марапатталды

  • 494
  • UPD: 23:05, 20.06.2019

Польша Президенті Анджей Дуда Туркістан облысының тұрғыны Тасыбай Әбдікәрімовты медальмен марапаттады. 

Ол жас кезінде Қазақстанға жер аударған Яблонскийлер отбасын ажалдан сақтап қалған. 

Қазір ақсақал өз ауылындағы поляктар жерленген қабірлерге күтім жасап келеді. Тасыбай  Әбдікәрімовты марапаттау рәсімі Варшавада өтті.

85 жастағы  ақсақалдың Польшаға көшіп кеткен досымен тағы да кездесем деген ойы  болмаса керекті. Ал  Варшаваға  қонаққа барып, Президент марапатына ие болатыны тіпті түсіне де кірмеген. Тасыбай Әбдікәрімовті «Ерлік пен бауырластық» медалімен марапаттады. Қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген  поляктарға қол ұшын созып, жәрдем берген адамдарды марапаттауға осы награданы тек Президент табыстайды екен.

Магдалена Гавин, Польша мәдениет және ұлттық игілігі министрінің орынбасары:

- Осы жақсылықтарын халыққа айтып, паш ету маңызды.  Бұл медальді алғаш болып Қазақстан тұрғынына табыстадық. Бұл үлкен абырой. Польшадан, бүкіл поляктар атынан алғысымыздың белгісі. Оның айтқан әңгімесі жанымды тебірентіп, көңілімді босатты.

Тасыбай Әбдікәрімов, Түркістан облысының тұрғыны:

- Маған медаль берді. Оған миллион мәрте рақмет. Бұл берген марапатқа мен қазақ халқына ырзамын. Қазақ мықты болғанына ырзамын. Себебі қазақ халқы бауырмашыл, өзге жұртты өзіне жат санамай, өз құшағына баурап, бар нәрсесін жәрдем беріп тұрды.

Тасыбай мен Валентин 1952-жылы танысқан болатын. Қиын-қыстау сәтте  олар  бірге болды. Олардың достығы Яблонскийлер Польшаға көшіп кеткеннен кейін де ажыраған жоқ. Бір-біріне хат жазысып тұрған. Ұзақ уақыттан кейін қайта қауышқанда, ақсақалдар көз жастарын  тыя алмады.  Валентин Яблонский Қазақстанға қатты ауырып келгенін еске алады. Қазақтар болмаса,  тірі қалуым екі талай еді дейді. Оңтүстік Қазақстанға әкеліп, тамақ-сусыз құр далала тастағаны мәңгі есінде. Сол кезде бар жоғы  16 жасар Тасыбай қол ұшын созған.

Валентин Яблонский:

- Өте жүдеу әрі ауырып тұрғанымды көрді. Кімсің және қайдан келдің деп сұрамай, тамақ әкеп берді. Осы кісілердің арқасында тез жазылдым. Тасыбай мен бүкіл қазақ халқына шексіз  алғысымды білдіргім келеді. Қолдарында барымен бөлісті. Сіздердің елдеріңізде өмір сүрген жылдары Қазақ  халқы мен оның дәстүрін  жақсы танып білдім. Қымыздың  дәмі мен киіз үйде ет асып жегеніміз әлі жадымда сақталған. Қазақстанға барғым келеді. Жастық шағым өткен кез туралы кітап жазайын деп жүрмін.

Валентин жазылып, аяғынан тұрғаннан кейін өзі қазақтарға көмектесе бастаған. Медициналық білімі бар ол фельдшер болып жұмыс істеді. Күн сайын ауылдарды аралап, талай жанды ажалдан арашалаған. Осылай қазақ тілін де жетік  үйреніпті. 

Тасыбай Әбдікәрімов, Түркістан облысының тұрғыны:

- Валентин менің жүрегімде өлгенше тұрады. Себебі дос көп болады, біреу сенің дүниеңе дос болады, біреу сенің қызметіңе, ал мен қиыншылық көрдім, ол да қиыншылық көрді, мен оны жүрегіммен жақсы көрем.

Тасыбай ақсақал өмір бойы агроном болып жұмыс істеді. 9 баланы тәрбиелеген ол бүгінде неменелерінің қызығына бөленіп отыр. Қазақ пен поляк арасындағы достық әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы