386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да судағы қауіпсіздік қағидасын бұзғандарға айыппұл салынды

  • 450
  • UPD: 14:04, 21.06.2019

Шомылу маусымы басталғанда су маңайындағы қауіпсіздікті қадағалау да күшейеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында 1 маусымнан бастап «Скутер» акциясы өтіп жатыр. Оның аясында су қоймаларындағы сауық құралдарының қолдану тәртібі мен оның жағдайы жіті тексерілуде.

Шаған өзеніндегі саябақ – қалалықтардың сүйікті демалыс орны. Келушілердің көңілінен шығып, пайда табу мақсатында мұнда кәсіпкерлер аттракциондар санын еселеп арттыруда. Шағын катерлер мен қайықтар, катамарандар да күн санап көбейіп келеді. Алайда қауіпсіздік қағидасы әркез ескеріле бермейді. Жиі кездесетін кемшіліктің бірі – кемеге адамдардың шамадан тыс мінуі.

Момыш Ермеков, облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

- Екі кеме иесіне айыппұл салынған болатын. Нормадан артық тиегені үшін. Сонымен қатар бір айыппұл өте өрескел бұзушылық болып табылады – кеме иесінің көлікті жүргізуші  куәлігінсіз жүргізуі. Шағын көлемді кемені жүргізетін кез келген адамның оған рұқсат беретін куәлігі болуы тиіс.

«Скутер» акциясы басталғалы 6 кәсіпкерге айыппұл салынған. Қазынаға 60 мың төленіпті. Бүгінгі рейд барысында тағы екі хаттама толтырылды.

Денис Жигалин, шағын көлемді кеме жүргізушісі:

- Мен құтқару жилетін кимеген едім. Сол үшін айыптымын. Бүгін ұмытып кетіппін. Әйтпесе үнемі киеміз, ереже бойынша кию керек екенін де білеміз ғой.

Заң бұзушылықтың ұсақ-түйегі болмасы анық. Себебі, оқыс оқиға бола қалса, таразының басына адам тағдыры тартылады. «Сондықтан тұрғындардың өздері де қауіпсіздік қағидасына салғырт қарамауын сұраймыз»,– дейді мамандар. 

Әлия Жұбаниязова, Орал қаласының тұрғыны:

- Мұнда да катерге отырғызғанда, әуелі қауіпсіздік жағын айтып түсіндіріп, жилеттерін кигізіп отыру керек, тұрып кетпеу керек деген ескертулер жасап мінгізіп жүру керек. Бақылау керек, қарау керек.

Момыш Ермеков, облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

- Инспекцияда штат саны бойынша 3 адам облыста. Шағын көлемді кемелердің барлығын 100 пайыз қадағалау мүмкін болмай тұр. Сол бағытта көліктік бақылау иснпекциясымен, суда құтқару жасағымен, Төтенше жағдайлар департаментімен, жергілікті полиция қызметімен бірлескен іс-шараларымыз бар.

Суға шомылу маусымы басталғалы өңірдің су қоймаларында 12 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар. Тек қауіпсіздік қағидаларының қатаң сақталуы ғана қайғылы статистиканың азаюына сеп болары сөзсіз.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы