389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шомылу маусымына Атыраудағы жағажайлар әлі дайын емес

  • 309
  • UPD: 14:04, 21.06.2019

Атырауда шомылу маусымы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда жағажайлар мүлдем дайын емес, әрі қауіпсіздік талаптарына жауап бере алмайды. Бұрыннан 2 жағажай бар, биыл үшіншісінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір облыста сынап бағанасы 40 градус ыстықтықтан түспей тұр. Ал тұрғындар кез келген жабайы жағажайларға баруға мәжбүр болып отыр.   

Қала тұрғындарының  жағажайларға көңілі толмайды. Жаздағы ыстық пен қапырықтан мезі болғанда амалсыз Жайық жағасындағы рұқсат етілмеген орындарға барып суға түседі. 

Валерий Сейтқалиев, қала тұрғыны:

– Біз әрдайым судың  түбі таза болған соң жылда осы жерде шомыламыз. Дәл осы аумақта суға түсуге болмайды дейді. Бірақ ешқандай белгі жоқ. Мына жерді тазалап, абаттандырса, керемет жағажай шығар еді.

Ересектердің өздері осындай қадамға барған соң, балалардан басқа нәрсе талап ету қиындау. Жергілікті атқарушы билік қараусыз қалған 5 жағажайды жандандырмақ ниетте.  Бірақ маусымдық бизнес әрі пайдасынан машақаты көп кәсіп түріне кәсіпкерлер аса құлшыныс танытпай отыр.

Әлия Жамитова қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– Қалған 5 жағажайға сенімгерлік басқару арқылы иелік ететін адам табылмаса, онда бұл жерлер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне беріледі. Кейін бұл мекеме жағажайларды жөндеп береді.

Былтыр 22 адам судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан ажал құшқан болатын. Олардың тең жартысы мектеп оқушылары. Биыл жыл басынан бері 12 адам тілсіз жаудың құрбаны болып үлгерді. Жалпы, құтқару қызметі 20 мамырдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді.

Асқат Ержанов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Қауіпсіздік шараларын ең алдымен біз ұйымдастырамыз. Алдағы уақытта қоғамдық құтқару бекеттерін құрамыз. Қажетті құрал-жабдықтар біздің мекемеден беріледі. Қосымша медициналық пункт ашылып, сол жерде медициналық қызмет көрсетіледі. 

Шаһар аумағы ұлғайған сайын өзен жағалауында 15 қауіпті аймақ тіркелген. «Рұқсат етілмеген жерлер мен жабайы жағажайларда суға шомылудың соңы қайғылы жағдайға алып келеді», – дейді мамандар. Сүңгуірлердің барлығы арнайы техникамен толық қамтылған, қауіпті нүктелер мамандардың жіті назарында. Алайда апат айтып келмейтіні анық.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы