384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық мүмкіндігі шектеулі жандар Франциядағы әріптестерімен тәжірибе алмасты

  • 164
  • UPD: 18:35, 21.06.2019
Қазақстандық мүмкіндігі шектеулі жандар Франциядағы әріптестерімен тәжірибе алмасты

Мүмкіндігі шектеулі Қазақстан азаматтары Францияға әріптестерімен тәжірибе алмасуға барды.

Алматылық әйелдер клубы Сант-Этьен қаласында мүмкіндігі  шектеулі адамдарға арналған жобалармен танысып жатыр. Олар келешекте осындай істерді отанында да атқаруға ниетті.

Сант-Этьен тұрғындары кембағал адамдардың арбадағы биін өмірлерінде алғаш рет көрді. Бұл елде спорттың нақ осы түрі жоқ, әзірше. Өйткені концерт аяқталғаннан кейін дүйім жұрт бишілеріміздің осы өнеріне ерекше қызығушылық білдірген. Жалпы жергілікті қауым мүмкіндігі шектеулі жандардың еліміздегі тұрмысына қатысты пікір алмасуды жөн көрді.

Бент-Анат Бейсембаева «Алматы әйелдер клубының» төрағасы:

– Ынтымақтасу меморандумына қол қойдық. Тәжірибе алмасып, үнемі араласып жүреміз. Мүгедектік жөніндегі конвенцияны ұстанамыз. Ал ең бастысы мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы туризмды дамытуға келістік.

Қазақстандық делегацияның Францияға барып, жергілікті әріптестерімен қатынас орнатуына Сант-Этьенде оқитын қазақстандық студент қыз мұрындық болған. Ол осы жобаны қолға алып, краудфандинг арқылы қаражат жинаған.

Мадина Науқанова, жоба авторы:

– Франция мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған туризммен айналысатын өз қауымдастықтарын ұсынып отыр. Олардың Африкада, Сенегалда серіктестері бар. Біздің адамдарымыздың Францияға келіп, санаторийлерінде демалуына барынша мүмкіндік жасауға тырысады.

Сапар барысында жерлестеріміз паралимпиадашылардың жарысын көріп, мүмкіндігі шектеулі адамдар істейтін кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Франсуа Де Ларбейретт, еңбек арқылы жәрдем орталығының директоры:

– Қазақстандық делегациямен кір жуатын кәсіпорынға бардық. Оның қызметкерлері коммуна тұрғындарына жұмыс істейді. Осының арқасында тұрғындармен үнемі байланыста. Ал жергілікті жұрт мүмкіндігі шектеулі адамдар да толыққанды жұмыс атқарып, қоғамға пайда әкеле алатынын түсінеді. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз.

Франция – мүгедектер тұрмысын ілгерлету ісінде көш басындағы елдердің бірі. Осындай жетістікке жету жолында азаматтық қоғамның еңбегі зор. Осыны көрген алматылықтар өз қаласында да мүмкіндіктері шектеулі жандарға ыңғайлы орта құруға бел буып отыр.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы