384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулықтар: Шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету – Елбасының ерлігі

  • 220
  • UPD: 20:25, 21.06.2019

Маңғыстау облысы – 5 мемлекетпен шектесетін еліміздегі жалғыз өңір.

Құрлықта Өзбекстан және Түрікменстанмен, ал теңіз арқылы Иран, Әзербайжан және Ресеймен шектеседі. Бүгінде Қазақстан олармен іргесін бекітіп, ара жігін ашып алды.

Шешілмей тұрған Каспийдегі шекарамыз еді, оған да былтыр нүкте қойылды. Ақтау саммитінде 5 мемлекеттің басшысы теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны мақұлдады.

«Ширек ғасыр ішінде шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету – Елбасының ерлігі, Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы сыртқы саясатының жемісі», - дейді маңғыстаулықтар.

Қазақ-Түрікменстан шекарасы тікенек сымды берік тормен қоршалып жатыр. Көрші елдің қоршауына қарағанда қазақстандық темір қалқанның артықшылығы көп. Оны қиып өту мүмкін емес. Сондай-ақ шекара бұзушы темір торға жақындаған сәтте бекеттегі радиолокациялық станцияларға белгі беріледі. Қазір 425 шақырым шекараның 60 проценті қоршалды, бұл жұмыстар 2020 жылы толық аяқталмақ.

Талғат Төребаев, ҚР ҰК «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары:

– ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасындағы шекарашылар Қазақстан мен Түрікменстан мемлекеттік шекарасын қорғаймыз. Жалпы ұзындығы 425 шақырымды құрайтын мемлекеттік шекараны Елбасымыздың арқасында шектеп алдық.

Қазақ-Түрікменстан шекарасының бойында 5 бірдей шекара заставасы бар. «Үстірт», «Бөгет», «Даля», «Болашақ» пен «Фетисов» бекеттері озық үлгідегі құралдармен, қажетті техникалармен, қуатты қару-жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұндағы қырағы күзеттен ұшқан құс, жорғалаған тышқан да өте алмайды.

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Түрікменстанға жақын маңда орналасқан «Сүйе» техникалық бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндағы шекарашылар Каспий жағалауынан 60 шақырымға дейінгі аумақты жіті қадағалайды. Радиолокациялық станцияның көмегімен мемлекеттік шекараны бұзушыларды анықтайды. Оларды ұстау үшін тікұшақтармен қатар әскери кемелер де жұмылдырылады.

«Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының сақшылары Каспий теңізіндегі 1523 шақырым аумақты да күзетеді. Теңіздегі қауіпсіздігімізді 2 мыңға жуық адам мен 40-тан астам су көлігі қамтамасыз етеді.

Қайролла Ережепов, 1991-1993 жылдардағы ҚР жоғары кеңесі төрағасының орынбасары:

– Құрлықта осы мәселе шешілгенімен, 20 жылдың о жақ бұ жағында шешілмей келе жатқан мәселе Каспий теңізіне байланысты шекаралар еді. Өткен жылғы тамыз айындағы Саммитте қол қойып, соның арқасында Каспий теңізіндегі ел шекарасы көптен бері келе жатқан мәселе шешімін тапты деп есептейміз. Осының барлығы мүйізі қарағайдай үлкен мемлекеттердің басшыларын осы жерге жинап, соларға жиналыс жүргізіп, басшылық жүргізіп, тіл табысуға ықпал еткен Елбасының үлкен еңбегін атап өткен жөн.

«Тұңғыш Президенттің стратегиялық бастамасының арқасында бүгінде еліміз етек-жеңін жинап, дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасы дипломатиялық тәсілдерді қолданып, болашақ ұрпақ үшін Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын шегендеп берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі ел есінде мәңгі қалары сөзсіз», – дейді өңір тұрғындары.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы