387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттің сайлауалды тұғырнамасында айтылған мәселелерге саясаттанушылар пікір білдірді

  • 347
  • UPD: 22:00, 21.06.2019

Президенттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасында айтылған мәселелері енді рет-ретімен іске асырылады.

Маңызды құжатқа қатысты саясаттанушылар мен жастардың пікірі қандай?

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын одан әрі дамытуға бағытталған құжат енді ресми түрде жүзеге асырылады. Президент қол қойған жарлықта жоспардың іске асырылуының нақты мерзімі мен жауапты мемлекеттік органдар көрсетілген.

Әнуәр Шотбаев, саясаттанушы:

– Бұл шынымен де маңызды оқиға. Себебі мұны тек Президенттің жарлығы ретінде қарастырмау керек деп есептеймін. Бұл шынымен де, құжат нақты істің құжаты. Жарлықтың жоспарлы жүзеге асуын Президент әкімшілігі қадағалайды, бақылайды.

Жарлықта жазылған тағы бір өзекті мәселе – халықпен кері байланыс орнату. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, толғандырған мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Сайлауалды науқан барысында нұротандықтар «Бірге» атты ауқымды акция ұйымдастырған. Нәтижесінде ел азаматтарынан 540 мыңдай өтініш пен ұсыныс келіп түскен. Президент қаулысына сай ол ұсыныстар жоспарлы түрде іске асырылады.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

– Мемлекет басышысы өзінің стратегиялық құжатында бақылау жүйесінің күшейтілетінінін атап айтқан. Нақты шараларды іске асыру үшін ол маңызды. Себебі кейінгі кезде тек қағаз жүзінде көрініс табатын, ұрандатылған жиындар көбейіп кетті. Ал енді нақты нәтиже тексерілетін болады. Сондай-ақ бірнеше кешендік шараларда азаматтық қоғамның пікірі де ескерілгені дұрыс деп ойлаймын. Кері байланыс пен диалог болған жерде ортақ шешімге келу оңай.

Болашақ жастардың қолында. Ұлықтау рәсімінде ел өркендеуінің негізгі бағыттарын айқындаған Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына тың серпін керектігіне тоқталды. Осыған орай президенттік кадрлық резерв қалыптасып, дарынды жастарға мемлекет басқару жүйесіне атсалысуға мүмкіндік беріледі. Белгілі саясаттанушы Жанар Төлендинова Президент жүктеген тапсырманы орындауға үкімет білек сыбана кіріседі деген сенімде.

Жанар Төлендинова, саясаттанушы:

– Президент жүктеген тапсырмалар халықтың жағдайын едәуір жақсартуға бағытталған. Әлеуметтік салаға басымдық көп екені байқалады. Ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысын арттыру да айтылған. Ең бастысы жастарға көп көңіл бөлінетін болды. Оларды жұмыспен қамту, жатақхана, тұрғын үймен қамту қажеттігі баса айтылды. Үкімет бұл тапсырмаларды тез арада жүзеге асырады деген үміт басым.

Бұл құжаттар Мемлекет басшысы тапсырмаларының нәтижелі әрі бекітілген мерзімінде орындалуын реттейді. Ал оны бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Айнұр Қуат, Арман Ақшабаев, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы