386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз арқылы транзиттік тасымалдар көлемі едәуір ұлғайды

  • 332
  • UPD: 09:41, 22.06.2019

Елімізде көлік инфрақұрылымын жаңарту, логистиканы дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты белсенді орындау бүгінде нәтижесін беріп отыр.

Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар көлемі едәуір ұлғайды. Бұл әрине экономикаға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Осы ретте сенат депутаттары көлік-логистикалық қызметтің келешегін тиісті мамандармен бірлесе отырып талқылады.

Көлік логистикасы экономиканың күретамыры, демек алыс-беріс, барыс-келіс жасауда жол байланысының жан-жақты дамуы айрықша маңызды. Осы мақсатта «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылғалы 2,5 мың шақырым магистральдік жол, 6,5 мың километр автокөлік жолдары жөнделген. Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға баратын транзиттік жүк тасымалы еселенбек. Былтыр 534 мың контейнер тасымалданса, 2020 жылы ол 2 млн-ға жетеді.

Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- 2018 жылы жалпы ішкі өнім құрылымындағы көлік секторының үлесі 8,4 процентті құрады. Жалпы жүк тасымалы 2018 жылы 4,8 процентке өсіп, 4,1 млрд тоннаны құрады.

Бұл «Нұрлы жол: Бір белдеу-бір жол» саясатының жемісі деді министрлік өкілі. Елбасы ел ішіндегі жергілікті жолдардың жайын да жөнге келтіру үшін жыл сайын әкімдіктерге 150 млрд теңгеден кем емес қаражат бөлуді тапсырған болатын. Сонда жыл сайын 5 шақырым жол қалпына келтірілетін болса, 5 жылда жолдың 95 пайызы жаңартылмақ.

Ал темір жолдарға келсек, биыл 700 шақырымнан астам жол сауықтырылмақ. Дегенмен бұл салада шешетін мәселе жоқ емес дейді сенаторлар.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгін экономикаға кедергі болып отырған жүк вагондары жетпейді, сосын мынау магистральдық темір жолдар жылда 1 мың шақырым капиталдық ремонт жасау керек, күрделі жөндеу. жолдарды айтып өтсек, қаржыландыру соның жартысы ғана бөлініп отыр ғой, болашақта шешу керек қалайда.

Депутаттар жүрдек пойыздар мәселесін де көтерді. Тальго өндірісінде шикізаттың барлығын шетелден тасымау үшін бөлшектерді елде шығару қажеттігін алға тартты.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әрине өсім, өзгеріс жоқ емес, бірақ әлі де осал тұстар көп. Көрші елдер секілді біз де жайлы вагондар шығара алуымыз қажет. Тальгоны жасау үшін болатты шетелден жеткіземіз. Халықаралық жолаушылар тасымалын жоғарғы деңгейге көтеру міндеті де бар. Осының барлығын стратегиялық жоспармен шешу керек.

Көлік логистикасында қоғамдық көліктердің де өз орны бар. Жолаушылар тасымалын дамытудың кешенді бағдарламасы бойынша былтыр 16,5 млрд теңгеге жаңа автобустар сатып алынған. Биыл тағы бір мыңы алынбақ.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы