383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аяқ тамыры тартылып қалған адамды судан құтқарған полицей наградаға ұсынылды

  • 191
  • UPD: 13:56, 22.06.2019

Қарағандылық тәртіп сақшысы Дастан Азанбаев мемлекеттік наградаға ұсынылды. Ол санаулы күндер бұрын көлге батып бара жатқан адамды құтқарып қалған болатын.

Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау дейді дана халық. Дастан Азанбаевтың бұл тұрғыда жолы болған. Өмірлік серігі Әсел Исабаева да ішкі істер саласында еңбек етеді. Сондықтан Дастанның жайын жақсы түсінеді. Үнемі қолдау көрсетеді.

 Әсел Исабаева, кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы:

- Дастан өзі баяғыдан сондай, адамға көмектескісі келіп тұрады. Сол күні мен де оны инстаграмнан көрдім. Өзім көшеде жүргенмін, маған звандайды ғой, Әсел, киім керек, үсті-басым су болып қалды деп. Мен түсінген жоқпын, неге су болғанын. Мән бермедім, мен уже көшеде жүрмін дедім. Сосын кейін инстаграмнан көрдім, кісі құтқарыпты, қуаныштымын. Әрине адамның өмірі, тағдыры ғой.

Сол күні Дастан бауырымен бірге үйіне түскі асқа келе жатқан. Көл жағасынан өтіп бара жатқанда, көмек сұраған дауысты естиді. Көлігін кілт тоқтатып, көп ойланбастан мұздай суға секірген.

Кейін белгілі болғандай, балықшының аяғы тартылып қалған. Тек Дастанның қырағылығының арқасында аман қалады.

Дастан Азанбаев, іздестіру тобының аға инспекторы:

- Өзім білмеймін қалай жылдам тоқтап, барғанымды. Байқамай қалдым. Әйтеуір білемін оған айтқанымды, сен құтқару қызметіне звонда деп. Сонымен өзім суға түсіп кеткенімді байқамай қалдым. Бірақ ойлаймын, бұл кезде мен емес, басқа адам өтіп бара жатса да осындайға барады, кімде-кім болсын.

Әлеуметтік желіге жылдам тараған осы оқиғадан соң, әріптестерінің Дастанға деген құрметі одан сайын арта түскен. Дастан қазір жергілікті полиция қызметінде іздестіру тобының аға инспекторы болып еңбек етеді. Ол 17 жыл ішінде қатардағы сақшыдан, полиция майорына дейін көтерілген.

Дастан Азанбаев, іздестіру тобының аға инспекторы:

- Қай қызмет болсын жеңілдігі жоқ. Бар қызметтің өз ауырлығы бар. Өзімнің бала кезімнен арманым болған полиция қатарына келу деген. Сол арманым орындалды деп ойлаймын. Енді өкініш жоқ ешқандай. Келген қызметімді адал атқарып, ҚР қызмет етіп, Үкіметке бір табысымды әкелемін деп ойлаймын. Отан іргесі аман болсын деп айтамын. Халқымыз тыныш, тыныштық болсын.

Полиция қызметкерлірінің кәсіби мерекесі қарсаңында Дастанды басшылары мемлекеттік марапатқа ұсынды. Оның ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс дейді олар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы