384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Полигонның жабылуы ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етті

  • 237
  • UPD: 23:48, 22.06.2019

Осыдан отызға жылға жуық уақыт бұрын Семей сынақ полигоны жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сөйтіп егемен Қазақстан Елбасының пәрменімен әлемдегі ең қуатты ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі халықаралық қауымдастық тарапынан да, ел азаматтарының да қызу қолдауына ие болды. 

Еліміздің егемендік алып, тәуелсіздігін жариялауы ұзақ жылдар бойы ядролық жарылыстан көз ашпаған Семей жұртшылығы үшін жаңа кезеңнің бастауы болды. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Семей полигоны ресми түрде жабылды. Осылайша Абай туған қасиетті топырақта жарты ғасыр бойы әлсін-әлсін жүргізілген сынақтар біржола дамылдады. Бірақ іште қыжыл, көкейде көптеген сұрақ қалды.

Сұлтан Қартоев, «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті:

- Сол тұста ядролық алпауыттар тарапынан қандай қысым жасалғанын жақсы білеміз. Дегенмен жалпыхалықтық, жалпықазақстандық, керек десеңіз, әлемдік қозғалысты Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап-қуаттамағанда қазақ халқының басына бұлт болып үйірілген ядролық сынақтар тоқтаусыз жалғаса беруі мүмкін еді. Зұлмат ошағының жабылғанына біз өте қуаныштымыз.  

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағы 30 жылдың ішінде аспан астындағы ең үлкен ғылыми зертханаға айналды деуге болады. Ал Семей қаласында заманға сай онкологиялық орталық жұмыс істеп тұр.  

Мұхтарғазы Төлеутаев, Семей ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары:

- Осы жерде ядролық медицина орталығын ашу, соған қаражат бөлу сол кісінің ұсынысы болатын. Бүгінгі күнде біздің орталық Қазақстанда тұңғыш рет көп тәсілдерді қолданып жатыр десем артық емес. Оның ішінде брахитерапия дейді, сүт безінің брахитерапиясы, өкпе ауруының брахитерапиясы бұрын Қазақстанда болмаған.

Ядролық полигон жұмыс істеп тұрған кезеңдегі Семейдің тарихы бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументінде айқын көрсетілген. 25 метрлік ескерткіштен атом бомбасының жарылысынан кейін қалған саңырауқұлақ тәріздес көріністі аңғарасыз. Ал оның астында бауыр еті баласын өз денесімен қорғаштаған ана бейнесі бедерленген. 

Ләззат Әлжан, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

- Бұл ескерткіште айтпағы – ана өзінің баласын жер бетіндегі барлық зұлымдықтан қорғап тұрған ескерткіш. Яғни өлімнен де күшті өмір ғана бар деген мағынаны білдіреді. Сондықтан біздің Семейдің ең көрнекті жерлерінің бірі.

Адамзат үшін аса қауіпті қару саналатын ядролық қауіп-қатерлерден ешбір мемлекет әлі күнге дейін толық арыла қойған жоқ. Оны бейбіт мақсатта пайдаланатын Қазақстан өзге елдерді ядролық қарусыздануға шақырады. Жыл сайын Семейдегі «Өлімнен де күшті» монументінің алдында ұйымдастырылатын халықаралық антиядролық форумның түпкі мақсаты да осы...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы