384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында күрделі жөндеуден өткен жолдардың тоз-тозы шыққан

  • 312
  • UPD: 23:48, 22.06.2019

Жамбыл облысындағы орта және күрделі жөндеуден өткен жолдардың сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бір жыл өтпей жатып тоз-тозы шыққан. Аймақта соңғы екі апта ішінде осындай 27 дерек анықталған. Мониторинг жасап, сараптама жүргізген мамандар оның бірнеше себебін тапты.

Пайдалануға берілмей жатып тозып жатқан нысандардың бірі – Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент бағытындағы тас жол.  Былтыр ғана орта жөндеуден өткізілді. Құрылыс компаниясы 44 пен 53-шақырым аралығын толықтай сүріп, асфальтін жаңалап төсеген. Алайда бір қыстан кейін жөнделген жолдың 2 шақырымдай бөлігінің сапасы сыр беріп, міне, мынадай күйге түсті.  

Батырбай Оразымбетов, жүргізуші:

- Салынды. Көктемде келдім. Осы жерлер ойылған. Қырға дейін.

Бақытжан Төлеубаев, жүргізуші:

- Көктемде жасалған жол қабылдамай қойып, қайтадан ойып, жаңадан істеп жатыр ғой. Бір жерге келіп баллонымды ұрдым.

Қазір өңірде «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығы облыстық маңызы бар жолдарды жаппай тексеріп жатыр. Былтыр қаржыландырылған 30 нысанға қатысты зерттеу жүргізді.  Нәтижесінде жол салып жатқан 8 мердігер компания сынға ілігіп, ескерту берілген. Мамандардың айтуынша, олардың жұмысына бақылау, қадағалау тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Ал ең көп қателіктер әсіресе жобалау кезінде жіберілген көрінеді.  

Әбдірахман Даубаев, ұлттық жол активтері сапасы орталығының маманы:

- Геологиялық байқауларды жүргізбеген ғой. Содан осындай ойықтар көп. Қадағалаушылардың жұмыс орнында болмауы және олардың әлсіз қарулануы. Құрал-жабдықтарының болмауы.

Ал мердігерлер жолдардың бүлінуін ауыр жүк көліктерінен көріп отыр. Жүргізушілер жүкті шамадан артық тиеп, әбден титықтатқан. Онсыз да жұқа асфальт аса ауыр салмақты көліктердің қатынауына есептелмеген көрінеді. «Ал оны бақылап, тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ. Соның кесірінен қыруар шығынға баттық», – дейді олар.

Мұратбек Есібаев, құрылыс компаниясының директоры:

- Қырғызстанның көліктер жолға қатты әсер етіп жатыр. Тұз тасып жатқан машиналардың салмағы өте көп. Екіншіден, биыл жаңбыр көп жауып жатыр.

Бұл жолмен көбінесе тұз бен құрылысқа қажетті тас тасымалданады. Қазір жүргізушілер көзге түспес үшін түнгі уақытта қатынауды шығарған. Түсірілім барысында кездейсоқ тұз тасымалдаушыларға тап болдық. Көліктері бұзылып амалсыз тоқтағанға ұқсайды.

Құрылысшылар «Көліктік бақылау инспекциясы» өкілдеріне хабарласып, тасымалдаушылар әрекетінің заңды екеніне көз жеткізбек болғанымен, жауапты мамандар келе қоймады. Болмаған соң 102-ге хабарласып, оқиға орнына жергілікті учаскелік полицей келді.

Ерлік Сансызбаев, Қаракемер ауылдық округінің учаскелік полицейі:

- Басқа бұл жерге кім келеді. Көлігім жоқ. Көріп тұрсыздар ғой. Жалдамалы автокөлікпен келіп отырмын.

Мейлі, бастысы жедел ғой. Үш жүк көлігі тұзды Қамқалы елді мекенінен тиеп, Бішкекке алып бара жатқандығы анықталды. Учаскелік полицей құжаттарын тексеріп, тиісті органдарға хабарлаудан басқа не істесін. Ал біз бақылаудың жоқтығы мен жүйесіз жұмысқа тағы бір көз жеткізгендей болдық. Бұған тұрғындар да, құрылысшылар да үйреніп кеткендей.

Қазір Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент және Ақкөл-Үшарал-Тоғызкент бағытында жөнделген 56 шақырым жолдың 6 шақырымы бір жыл өтпей жатып тозып кеткен. Бұл – бір ғана мердігердің істеген жұмысына қатысты статистика. Ал облыс бойынша жалпы жол саласына былтырдың өзінде 12 миллиардтан астам қаражат бөлініп, құрылыс жүріп жатыр. Бірақ жұмыс сапалы ма? Тұз бен тас тасмалдаушылар шаруасын тындырып, келер-кетер. Ал ойдым-ойдым тозған жолмен жергілікті халық жүріп жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы