388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде қаруланған қылмыскерді ұстаған лейтенант ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған

  • 434
  • UPD: 23:47, 22.06.2019

Ақтөбелік полицейлер де қырағылық танытып, талай мәрте еңбектеріне деген адалдығын дәлелдеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Аймақта болған лаңкестік оқиғалар кезінде көрсеткен ерліктері әлі күнге ел есінде. Қазір облыста «Айбын» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін иеленген ондаған тәртіп сақшысы бар.

Данияр Аймағамбет бұзақымен бетпе-бет келген күнін еш ұмытпайды. Екі бірдей машинаны соғып, оқиға орнынан қашқан қымбат көлік жүргізушісін қаланың қақ ортасында тұтқындады. Ұстау барысында ешқандай бұйрыққа бағынбай, қолындағы суық қаруымен қарсылық көрсеткен соң ескерту ретінде оқ атылған. Себебі, ол жақын маңда жүрген адамдардың өміріне де қауіп төндірген еді. Кейін оның есірткі қолданғаны анықталған.

Данияр Аймағамбет, жол патрульдік полициясының взвод командирі:

- Мен әріптесіміз екеуміз көлікпен келіп, алдынан тоқтадық. Қолында қанжары болды. Сол уақытта аялдамада адамдар көп болатын. Ең бірінші – ой тұрғындарға қауіп төнбеу, біреуді кепілдікке алмау.  Ең бірінші талабым шұғыл уақытында шара қолдану болды. Қоян-қолтық күрес арқылы ол жігіттің қолын қайырып, қолына кісен салдық.  

Бұл – 28 жастағы Даниярдың өз қызметіндегі алғашқы ерлігі. Қарулы адамға тосқауыл қойған полиция лейтенантының батылдығы ескерусіз қалмады. Ел Президентінің жарлығымен үшінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері атанды. Тумысынан қарапайым мінез иесі соңғы бес жылдан бері жол патрулдік полициясы құрамында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып келеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамту басты парызым деп білетін жас қызметкер бүгінде әріптестеріне де үлгі.

Нариман Аманғалиев, жол патрульдік полициясының аға инспекторы:

- Данияр жақсы жігіт, қызметіне адал. Ісінің білгірі деп баға берер едім.

Ақтөбеде міндетін атқару барысында өмірлерін қатерге тігіп, ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері аз емес. Оларды жастарға үлгі етіп, насихаттау дәстүрге айналған.

Бауыржан Максимов, облыстық Полиция департаментінің бөлім басшысы:

- Ақтөбе облысының Полиция департаменті бойынша 9 қызметкер қызметін атқару кезінде қаза тапты. Олар қазіргі таңда өскелең ұрпаққа үлгі. Сонымен қатар қазіргі таңда біздің полиция жүйесінде 30-ға жуық қызметкер міндетін атқару кезінде әртүрлі жарақат алған. Олар әртүрлі жүйелерде өздерінің қызметтерін жалғастырып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы