384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзгенің өмірін құтқарған шығысқазақстандық полицейлердің ерлігі көпке үлгі

  • 203
  • UPD: 09:10, 23.06.2019

Шығыс Қазақстанда 4 жарым мыңнан астам полиция қызметкері бар.

Тәртіп сақшыларының басты парызы – ел тыныштығын сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда оларға кейде дәрігер мен психологтың, кейде тіпті сүңгуірдің де міндетін атқаруға тура келеді. Мәселен, Өскемендегі жедел топ көп қабатты үйден секіргелі тұрған 24 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалды. Ал Семейдегі патрульдік полиция қызметкерлері Ертіске секіріп кеткен әйелді құтқарды.

Бұл – осы көктемде Семейде болған оқиға. Ересек әйел өмірден түңіліп Ертіске секіріп кеткен. Патрульдік полиция қызметкерлері ойланбастан, жедел әрекетке көшіп, оны өзеннен алып шықты. Мұздай су мен қатты толқынның қаупін ойлауға мұршалары да келмепті.

Өскемендік полиция қызметкері Сағыныш Сәбиқанов әріптесімен бірге көп қабатты үйден секіріп, өз өміріне өзі қол салмақ болған жігітті құтқарып қалды. Айтуынша, бұл дүниеден баз кешкен азаматты ойынан айныту үшін 2 жарым сағаттай уақыт кеткен.

Сағыныш Сәбиқанов, облыстық полиция департаментінің тергеушісі:

– Оның не себепті сондай қадамға барғанын білдік. Проблема көбейген, қызымен ұрысып қалғанын, өмірден шаршағанын айтты.

Сағыныш жігітті әңгімеге тартып, сырласып, ақыр соңында оны райынан қайтарды. Жалпы мұндай табандылық пен қырағылық әрбір полиция қызметкеріне тән мінез болуы шарт. Өйткені қоғам тыныштығын сақтау жеңіл жүк емес.

Дархан Бұланов, облыстық полиция департаменті кадрлық саясат басқармасының қызметкері:

– Жыл басынан 6 өзіне өзі қол жұмсау фактілерінің алды алынды және полиция қызметкерлері арқасында облыс бойынша 5 айдағы тіркелген 9 мыңнан аса қылмыстың 6 мыңы ашылып отыр, оның ішінде 5 мыңының ізі суымай ашылды.

Қылмыскерді ұстап, қылмысты жедел ашу қашан да қауіп-қатерге толы. Сондықтан қызметтік борышын атқару барысында тәртіп сақшыларының өліммен бетпе-бет кезігетін кездері де жоқ емес. Айта кету керек, тәуелсіздік алған жылдардан бері облыста 45 полиция қызметкері қызмет барысында қаза тапқан.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы