384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде үздік мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

  • 253
  • UPD: 13:40, 23.06.2019

Бүгін елімізде мемлекеттік қызметшілердің де кәсіби мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мейрам осыдан алты жыл бұрын бекітілген. Содан бері 23 маусымда түрлі шаралар ұйымдастырылып, саладағы үздік мамандарды марапаттау дәстүрге айналды. Айтулы күнге орай, ақтөбелік ондаған қызметші облыс басшылығы атынан алғыс хаттар алып, төсбелгіге ие болды.

22 жасында мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастаған Расул Медетов – тәжірибелі басшылардың бірі. Өткен он жылда әскери және жоғарғы сот пен бірқатар өңірде абыройлы еңбек етті. Алматыда, кейін Ұлыбританияда жоғарғы білім алған «Болашақ» бағдарламасының түлегі елге қызмет етуде жауапкершілік пен ұқыптылықтың аса маңызды екенін жадынан шығарған емес. Ал қатардағы маманнан департамент жетекшісіне дейінгі мансаптық жоғарылауын Елбасының бастамасымен жастарға жасалған жағдаймен байланыстырады.

Расул Медетов, ҚР МҚІСЖҚІА Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы:

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіремін. Осындай мүмкіндікті қолданып, бүгінгі таңда еңбек етіп жатырмын.

Бүгінде облыста төрт жарым мың мемлекеттік қызметші бар. Түрлі мекемелер мен ұйымдарда еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Мереке қарсаңында оларды облыс басшылығының өкілдері құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Ондаған адам алғыс хат иеленсе, бірі көп жылғы мінсіз қызметі мен саланың дамуына қосқан өзіндік үлесі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.

Қызмет барысында уақытпен санасуды білмейтін тұлғаларға көңіл бөлу – соңғы жылдары бұл жүйеде қолға алынған реформаның бірі. Сондай-ақ ел үшін жаңа формациядағы мамандар, менеджерлер тобын қалыптастыру да бар.

Гүлмира Бисекешева, ҚР МҚІСЖҚІА Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Оның көздеген мақсаты – халықпен жұмыс істеу. Оларға жағдай жасау, әлеуметтік тұрмысын түзетуге көмектесу. Мұң-мұқтажына көңіл бөліп, шешуге көмектесетін жұмысты қалыптастыру болып табылады.

Мемлекеттік қызметті таңдаған жастарды болашақта елді мекендерге де тарту көзделіп отыр. Ол үшін тиісті Агенттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгеріс енгізуге ұсыныс жасаған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы