389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тоқырау жылдары Теміртаудағы тіршілік Елбасының көмегімен қайта жанданған

  • 449
  • UPD: 21:57, 23.06.2019

Тәуелсіздік алғаннан бері Теміртау қаласының дамуы қарқынды. Отыз жылда бірқатар әлеуметтік нысан салынды.

Қала көркейіп, халықтың тұрмысы жақсарды. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан. Елбасы өзінің еңбек жолын бастаған қалаға үнемі қамқорлық танытып жүреді дейді ардагер металлургтер. 

Теміртау қаласының тарихы Елбасы есімімен біте қайнасып жатыр. Осыдан 60 жыл бұрын мұнда домна пешін салуға әр қиырдан мыңдаған адам жұмылдырылады.

Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді. Жалынды жастар алғашқы шойынды алып, Қазақстан Магниткасы қалыптасты.

Мұстафа Абдоллаұлы, көрікші:

- Елбасының ықыласы ерекше. Өйткені ол кісі өзі істеп шыққан жерге өзі келіп, бізден сұрап тұрады жағдайымызды. Комбинаттың тұрақты жұмыс істеп тұрғанына әрине біздің Елбасымыздың ықыласы мол. Жұмыс бәрі тұрақты, жалақы бәрі уақытында.

Домна пешінде шар болаттай шыныққан жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев кейін партия жұмысына да белсене араласып, құрышты қаланың гүлденуіне тікелей атсалысады. Жастардың мәселесін еш тайсалмастан Мәскеудегі мінберден жоғарыға жеткізіп, Теміртауда екпінді құрылыстың басталуына түрткі болады. 

Ермек Төлеубаев, Елбасының замандасы, ардагер металлург:

- Осы Теміртауға ол кісі көп жағдай жасап кетті. Ол уақытта Тищенко деген директор болған. Сол кісімен тіл табысып, қаланы көтеріп кетті. Қазіргі осы қаламызда бассейніміз бар, двореціміз бар, стадионымыз бар, қаншама ғимараттар, қаншама садиктер бәрін салды. Мынау университет те сол кісінің арқасында ашылды.

Содан бері сан жылдар өтсе де Елбасы өзінің саяси тұлға ретінде қалыптасқан құтты мекенін ешқашан ұмытқан емес. Мәселен, сонау 90-жылдардағы тоқырау кезеңде Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың жұмысы тұралап, мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағдай өте ауыр еді. Бірақ Елбасы өзі негізін қалаған алпауыт кәсіпорынның жабылуына жол берген жоқ. Бар күш-жігерін жұмсап, аз уақытта өндірістің тамырына қайта қан жүгіртті. Мұны осындағы металлургтер ешқашан ұмытпайды.

Жақыпбек Әлішер, құрметті металлург:

- 80-90 жылдары бізде көп адамдар кете бастады. Комбинат 3-4 ай ақша алмайтын болдық. Сол кездерде Елбасы келіп, мына инвесторды тапты. Инвестор келген соң мен өзім холодный прокатта істедім 40 жылдан аса, сонда 25-30 жыл істеп тұрған дробильный линияны толық жаңарттық. Жұрт қайта бастады, жұмыс істей бастады.

Қазір металлургиялық комбинат жылына 4 миллион тонна болат балқытады. Алдағы меже 5 миллионға жеткізу. Мұндағы мамандардың айтуынша, 30 жыл ішінде өндіріске жаңа технологиялар дендеп енгізілген. Еңбек қауіпсіздігі күшейді.

Вадим Басин, компанияның атқарушы директоры:

- Компания өндірісті жаңғырту жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Ол үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлеміз. Елбасының тапсырмасымен өңірде индустрияландыру бағдарламасы жемісті жүзеге асты. Айталық, тек Теміртауда ғана комбинаттың тапсырысын орындайтын 40-қа жуық шағын кәсіпорын ашылды. Ал бұл дегеніміз, қосымша мыңдаған жұмыс орны.

Елбасы Теміртау шаһарын үнемі назардан тыс қалдырған емес. Былтыр күзде мемлекет басшысы ретінде өңірге жасаған соңғы сапарында қаланың қордаланған көптеген әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешіп берді. Мәселен, жылу энергия орталығында қосымша 7-қазандық салынатын болды. Емхана, балабақша, спорт кешенінің құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан мұндағы халықтың Ұлт көшбасшысына деген ықыласы қашан да ерекше. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы