384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да оқушылардың 94 проценті лагерьлерде демалады

  • 145
  • UPD: 09:00, 24.06.2019

Батыс Қазақстан облысында биыл 90 мыңдай оқушы жазғы лагерьлерде демалады.

Яғни аймақтағы барлық оқушының 94 проценті сауықтыру және зияткерлік-танымдық бағдарламалармен қамтылмақ. Олардың дені мектептер жанындағы лагерьлерде, сонымен қатар шатырлы және стационарлы демалыс орындарында да тынығуға мүмкіндік алады. Бұл мақсатқа бюджеттен 247 миллион теңге жұмсалмақ.

Оқушылардың жаңа мамандықтарды меңгеруіне баса көңіл бөлінеді. Мәселен, «Дарын» қосымша білім орталығында алғаш рет IT лагерь жұмысын бастады. Мұнда облыс орталығы мен ауылдардан келген 100-ге жуық оқушы өз сайтын құруды және түрлі ойындардың бағдарламасын жасауды үйренеді.

Дәулетхан Керейханұлы, оқушы:

– HTML бағдарламасы арқылы сайттарды жасауды үйренеміз. Unity-ға үйретеді, ол редактор, ойын құрастыруға арналған. Қазіргі балалар технологияға жақын болуы үшін.

Гүлсім Дүйсенғалиева,  «Дарын» қосымша білім орталығының директоры:

– Балаларды цифрлық бағдарламаны іске асыру мақсатында, балалардың ақпараттық деңгейін көтеру мақсатында, жалпы ІТ саласындағы жұмыстармен таныстыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауысым. Мұнда 7-10 сыныптың балалары, көбі ауданнан келіп отыр, сонымен қатар облыс пен қала мектептерінің оқушылары бар.

Тек «Дарын» орталығының өзінде биыл 400 бала демалады. Әр ауысым өзіне тән бағыт-бағдар бойынша жұмыс істейді. ІТ технологиядан бөлек мұнда олар шет тілдерін де үйретеді. Сонымен қатар журналистика негіздерімен танысып, бейнероликтер түсірудің қыр-сырын меңгереді.                   

Үміт Жәңгірова, облыстық білім басқармасының маманы:

– Балаларды жазғы демалыс маусымымен қамту 93,8 пайызды құрайды деп жоспарлануда. Яғни 95 мың 776 оқушының 89 841-і жазғы демалыс лагерімен қамтылады деп жоспарлануда.

Осы жазда 100 шәкірт Нұр-Сұлтан қаласы мен Бурабайда демалса, мың шақты оқушы Бөкейорда тарихи музей кешенін тамашалауға мүмкіндік алады. Демеушілердің қаржысы есебінен 40 бала Италия еліне саяхаттайды. Балалардың жаз қызығын ойдағыдай өткізуін қамтамасыз ету мақсатында Шалқар көлінің жағасында «Жасұлан» жазғы лагері де жұмысын бастады. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Газезов, Қанат Махмутов  

Хабар 24 телеарнасы