384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында мас күйінде көлік жүргізген 19 жүргізуші ұсталды

  • 333
  • UPD: 10:18, 24.06.2019

Шымкентте 3 жасар бала 8-қабаттағы пәтердің терезесінен құлап мерт болды.

Ал Атырауда гүл сататын дүкен толығымен жанып кетсе, Петропавлда көпқабатты үйдің бірі өртеніп, тұрғындар құтқарылды.

Үш жасар бала 8-қабаттағы пәтердің терезесінен құлады

Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінің сегізінші қабатынан 3 жасар бала құлап мерт болды. Қайғылы оқиға Назарбаев даңғылындағы 87-үйде болған. Ол кезде үйде ересектерден ешкім болмаған. Терезеден құлаған бала оқиға орнында көз жұмды. Көршілер шақырған жедел жәрдем оқиға орнына 10 минутта жеткенімен, бала құлаған бетте тіл тартпай кетті.

Гүл сататын дүкен өртеніп кетті

Атырау қаласының қақ ортасында гүл сататын дүкен өртеніп кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, жалын 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Ал дүкен толықтай жанып кеткен. Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі есептелуде. Алдын ала болжам бойынша, күннің қатты ысуынан дүкендегі электр сымдары тұтанған болуы мүмкін.

Өртенген үйдің тұрғындары құтқарылды

Ал Петропавлда бес қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндірушілер келгенге дейін 4-қабаттағы пәтер мен балконды қызыл жалын шарпып үлгерген. Кіреберісті қою түтін тұмшалаған. Тілсіз жау үйдің шатырына дейін жайылуы мүмкін болған. Төменгі қабаттағы тұрғындар далаға өздері шықса, жоғары қабаттарда тұратын адамдарды құтқарушылар алып шыққан. «Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар еді», – делінген хабарламада. Осылайша барлығы 16 адам эвакуацияланып, 6 адам құтқарылды. Оның бесеуі – бала. Өрт шығуының алдын ала себебі – электр сымының қысқа тұйықталуы.

Оқиға орнынан қашқан жүргізуші ұсталды

Павлодарлық полицейлер жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Түнгі 3:00 шамасында Hyundai Accent жеңіл көлігін тізгіндеген азамат 32 жастағы қала тұрғынын қағып, артынша ізін суытады. Ал жәбірленуші жедел жәрдем көмегімен дереу жансақтау бөліміне жеткізілген. Араға біраз уақыт салып полицейлер күдіктінің көлігін техника жөндеу орталықтарының бірінен тапқан. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Мас күйінде көлік жүргізген 19 жүргізуші ұсталды

Ақмола облысында бір күнде мас күйінде көлік тізгіндеген 19 жүргізуші ұсталды. Олар енді жол жүру құжаттарынан айырылуы мүмкін. Жалпы, «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы барысында небәрі бір күннің ішінде 446 жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Олардың ішінде 133 жүргізуші қауіпсіздігін белдігін тақпаған болса, 63 адам рөлде телефонмен сөйлескен. Сондай-ақ 33 жаяу жүргіншіге жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін айыппұл салынды.

Хабар 24 телеарнасы