384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі өзен арнасын кеңейту жұмыстары уақытша тоқтатылады

  • 173
  • UPD: 00:51, 25.06.2019

Бұл туралы өңірге арнайы іссапармен барған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған ведомство басшысына Ақтөбедегі экологиялық қауіпті ахуалды шұғыл түрде шешу туралы тапсырма берген еді. Еліміздің бас экологы жағдайды өз көзімен көріп, гидрологиялық жұмыстардың дұрыс жүргізілмегенін мойындады.

Геология саласының ардагері Петр Котик Ақтөбедегі өзендерді тазарту жұмыстарын вандалдыққа теңеп отыр. «Арналарды аршу әдісін дереу өзгертпесе, санаулы жыл ішінде шаһар сусыз қалуы ықтимал», – дейді.

Петр Котик, геология саласының ардагері:

– Бұлардың әрекетінен өзенді қоректендіретін бұлақтардың көздері бітеліп жатыр. Жерасты сулары да сол бұлақтармен тығыз байланысты. Егер олардан айырылсақ, 3-5 жылдан кейін су тапшылығы орын алатындығына сенімдімін.

2017 жылы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтардың бір тобы жобаны қолдап отыр. Алайда бүгінгі экологиялық ахуалды министрге жеткізуге жиналған тұрғындар саны олардан да көп болды. Алдын ала бекітілген орындарға емес, өзен бойына апарып, ағаштардың оталып жатқанын елордадан жеткен комиссия мүшелеріне тәптіштеп түсіндірді.

Өңірде 2017 жылы болған оқиғадан соң республикалық бюджеттен 6 миллиард 700 миллион теңге бөлініп, 8 өзеннің арнасын тазарту жұмыстары басталған болатын. Қазір қазылып тасталған су қоймаларының дені құрғап қалған. Бұл жайтты мамандар биыл жауын-шашынның аз болуымен де байланыстырылып отыр. Бір қызығы, облыстық Экология департаменті жаңа жобаның қыр-сырын білмеген көрінеді.

Жақсығали Иманқұлов, облыстық экология департаментінің жетекшісі:

– Бұл жоба құрылыс пен экологиялық сараптаманы қазіргі заң талаптарына сәйкес мемлекеттік сараптау орталығынан өткен. Сәйкесінше рұқсатын да алған. Егер бізбен ақылдасса, қоғамды ашындырған қателіктердің алдын алуға болар еді.

Қалай болғанда да, басталған жұмыс бел ортасынан тоқтады. Қолдан жасалған қуаңшылыққа ұшырайтынын сезген тұрғындардың жанайқайын билік естіді. Енді үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия мәселені жан-жақты зерделеуі тиіс.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Бүгін айтылған пікірлердің бәрі де естілді, тыңдалды. Сондықтан да біз арнайы жұмыс тобын құрып, осы мәселелерді қарастыратын боламыз.

Жауаптылар президент тапсырмасымен жобаның шикі тұстарын анықтауға кіріскенде, ондаған ерікті қолдарына күрек алды. «Мәселенің ақ-қарасын анықтағаннан су деңгейі көтеріле қоймайды», – дейді олар. Сондықтан әр жексенбі өзен бойын жағалап, бұлақтардың көзін аршып жүр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы