384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы жарылыс: жарақат алғандар саны әлі де өсуі мүмкін

  • 239
  • UPD: 21:49, 24.06.2019

Түркістан облысының Арыс қаласындағы жойқын жарылыс бүгін таңертең болды.

От ондағы әскери бөлімшеден шыққан. Дәлірек айтсақ, қоймадағы оқ-дәрілер атылып жатыр.

Аймақта төтенше жағдай жарияланып, қала халқы түгелдей қауіпсіз жерлерге көшірілуде.

Оқыс оқиға туралы хабар өртке қарсы қызметке таңертеңгі сағат 9:20 да түскен. Содан бері Арысқа құзырлы һәм атқарушы орган тарапынан 460-тай маман мен 53 техника аттанды. Қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ұлттық Ұланның 6506 әскери бөлімінен 500 сарбаз жіберілді. Арыстағы мыңдаған адам жаппай көшіріліп жатыр. Дүкен, асхана, балабақша, мектептердің жұмысы жалпы қоғамдық орындардың қызметі тоқтатылды.

Қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Себебі жарылыстар бірден тоқтамаған. Қауіп жоқ деуге болмайды.

30 жедел жәрдем көлігі тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде. Төтенше жағдайға байланысты Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

– Арыс ауданы мен орталығында 40 мыңға жуық халық тұрады. Барлығы дерлік Қазығұрт, Шардара бағытына қарай көшуі тиіс. Әскери бөлім толықтай қоршауға алынды. Жойқын апатқа не себеп екендігі әзірге беймәлім.

Бақыт Құрманбаев, ҚР Қорғаныс вице-министрі:

– Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Қорғаныс министрлігі басшылығы атынан оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілді. Қарулы күштердің жеке құрамымен оқиғаның салдарын жою іс шаралары ұйымдастырылды. Жергілікті халық үрейге бой алдырмай, ұйымдасқан түрде адамдарды көшіретін жерлерге баруларыңызды сұраймыз.

Атап өтейік, Бұл Арыстағы бірінші жарылыс емес. 2009 жылы осындай апат «ҚазАрсенал» кәсіпорнында болған еді. Ол кезде 3 адам опат болып, 17 жұмысшы зардап шекті. Одан кейінгі жарылыс 2014 жылы тағы да «ҚазАрсеналда» болды. Тағы 2 адам көз жұмды. 24-маусым. Тағы да Арыста жарылыс. Десе де жарақат алғандар саны әлі де өсуі мүмкін. Ішкі істер министрлігінің өкілдері қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қару-жарақты, айналаға қатер төндіретін заттарды сақтап, қолданғанда ережені ескермеу бойынша тексеру жұмыстары басталды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Нұрбек Байбосын, Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы