384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста болған жарылыстың куәгерлері не болғанын айтты

  • 434
  • UPD: 20:05, 24.06.2019

Жарылыс болған Арыс қаласының өзінде «Хабар 24» арнасының түсірілім тобы бар.

Нұрбек Байбосын, тілші:

Біз қазір Арысқа барар жол Ордабасы ауданына қарасты Сарыарық елді мекенінде тұрмыз. Бұл маң – Арыспен 10-12 шақырым шамасы. Арыс қаласындағы жағдай бүгін таңертеңгі сағат 09:20 да орын алды.  Ең алдымен Өрт сөндіру қызметінің пультіне Түркістан облысы Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлім территориясында қоймада жарылыс болып, артынша өрт шыққаны жайлы хабар түскен. Ресми деректерге сүйенсек, жарылыс болған жерге Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 52 адамы мен 12 өрт техникасы, сондай-ақ Шымкенттен 4 техника, жеке құрамның 23 адамы мен 1 кинологиялық топ жұмылған.

Ең әуелі халықты Арыс шаһарынан эвакуациялау жұмыстары атқарылды. Айта кетейік Арыста жалпы 45 мыңға жуық халық тұрады. Оларды қаладан көшіру жұмыстары 3 бағыт бойынша, атап айтқанда Шымкент, Монтайтас, Қазығұрт бойынша жүзеге асырылды.

Нағима Әбдіхалықова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Біз жаяу стадионға дейін жеттік. Екі бала, екі келін, 5 немере қалды. Білмеймін олардың не болып жатқанын.

Сара Байкенжеева, Арыс қаласының тұрғыны:

– Төбемнен найзағай түскендей болды. Қашыңдар деді, бет алды қаштық.

Гүлбаршын Абдуллаева, Арыс қаласының тұрғыны:

– Терезе-есіктің барлығы сықырлап кетті. Бомба сияқты жарыла берді. Түтіннен шыға алмай қалдық. Сосын көшеге шығып, камазға міндік.

Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде тәулік бойы «Қауырт желісі» жұмыс істеуде. Қазір облыс көлемінде де тұрғындарға көмек көрсету үшін арнайы ұйымдастыру лагерлері қолға алынған. Жаңа ғана брифингте облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы осы оқиға байланысты зардап шеккендер мен қайтыс болған азаматтың бар екендігін ресми мәлімдеді.

Хабар 24 телеарнасы