384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өмірзақ Шүкеев Арыстағы эвакуация туралы: Қалып қойған адамдарды анықтап жатырмыз

  • 365
  • UPD: 22:14, 24.06.2019

Арыс қаласындағы жарылыстан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы түс ауа өткен брифингте Қорғаныс министрі хабарлады. Нұрлан Ермекбаевтің айтуынша, қару-жарақ қоймасында радиоактивті немесе қуатты өзге де снарядтар болмаған. Десе де қалада жарылыс қаупі әлі де сейілген жоқ.

Бүгін таңертең Арыстан суық хабар жетті. 45 мың тұрғыны бар шағын шаһар бір сәтте әбігерге түсті. Жергілікті билік, әскерилер мен құтқарушылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мұндағы азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Қала маңындағы елді мекендердің мектептерінде ауыл әкімдіктері тұрғындарды қабылдап, қолған келгенше жағдай жасап жатыр. Оның ішінде медициналық көмек көрсетіліп, жоғалғандарды іздестіруге көмектеседі. Өкініштісі, бүгінгі апат бір адамның өмірін қиды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

– Зардап шеккендер бар. 31 адам қазір медициналық мекемелерге келіп түсті. Оның екеуі – ауыр жарақат алғандар. Қалғандары орта және жеңіл. Бір кісі қаза болды. Оны Қорғаныс министрі айтып кетті. Оның көлігіне снаряд түскен.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

– Қаза тапқан кісінің жақын туыстарына және жарақат алғандарға көңіл айтамыз. Үлкен Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрілер арсеналдар қоймаларының бірінде өрт болып, одан жарылыс орын алды. Жарылыс басқа да қоймаларға жалғасты. Сондықтан бірнеше қойма жарылды. Қазіргі таңда әкімшілік пен ТЖК іс-әрекеттердің арқасында елді мекеннің тұрғындары шығарылды.

Бүгін Қорғаныс министрі жарылған қару-жарақ қоймаларында радиоактивті я болмаса қауіпті снарядтар сақталмағанын жеткізді. Десе де, шағын шаһарда қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан Нұрлан Ермекбаев тұрғындардың әзірше үйлеріне оралмауын сұрады. Қазір оқиға орнында саперлер жұмыс істеп жатыр. Ал Түркістан облысының әкімі арнайы жасақтар сағат сайын көше аралап, қалада қалып қоюы мүмкін азаматтардың бар-жоғын тексеріп жүр.

(фотосурет Қазинформ сайтынан алынды)

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

– Қазіргі уақытта Арысты әр сағат сайын аралап, көшеге арнайы көлік колонналары жіберіліп, сол жерде бар адамдарды шығарып жатырмыз. Қазір көбі қаладан шықты деп айтуға болады. Енді қаланың ішін полиция және әскерилермен бірігіп, патрульдеуге кірістік. Қаланың шетін қоршап, блокпосттар орнаттық.

Жарылыс әлі де болуы ықтимал. Арыс қаласын қазір 345 әскери күзетіп отыр. Сондықтан тонауға жол берілмейді, деп сендірді құзырлы органдардың өкілдері.

Хабар 24 телеарнасы