389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл басынан 277 мың отбасыға жалпы көлемі 68 млрд теңге жәрдемақы төленген

  • 285
  • UPD: 21:22, 24.06.2019

Әлеуметтік мәселелерді қарайтын қоғамдық кеңестердің құрамы жаңартылуы тиіс.

Оған саланың проблемаларын жетік білетін тәуелсіз адамдардың мүше болғаны дұрыс.

Бүгін елорда тұрғындары алдында есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Министрдің айтуынша, қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған топ арнайы жол картасын дайындап жатыр. Жалпы жыл басынан бері 277 мың отбасыға жалпы көлемі 68 млрд теңге болатын атаулы әлеуметтік жәрдемақы төленген.

«Жұмыс табуға жасым кедергі». 30 жыл металлургия саласында инженер болып қызмет еткен Сәулет Тұтқабеков зейнет жасына жақындағанда жұмыссыз қалған. Қарағандыдан елордаға қоныс аударғанына 3-4 жыл болыпты. Содан бері жұмыс іздеп жүр. Еңбекпен қамту орталығы жолдаған жеке кәсіпорындардың қояр талабы қиын. Ал мемлекеттік мекемелерде жалақы аз. Қазір жұмыссыз ретінде жәрдемақы алып отыр.

Сәулет Тұтқабеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Менің мамандығым бойынша жұмыс табыла бермейді. Екіншіден, жалақылары аз, өте төмен.

Жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы мерзімі 4 айдан жарты жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Осы аралықта жұмыс табуға мемлекет те көмек көрсетеді. Жалпы министр бүгінгі есебінде Үкіметке телміріп отыра бермеу керектігін ескертті. Мысалы былтыр 14 мың адам шағын несие алып жеке кәсібін ашқан. «Еңбек» бағдарламасы арқылы 500 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Одан бөлек, сұранысқа ие мамандарды дайындауға көңіл бөлінді. Себебі оқуын оқып алып, жұмыс таппай жүргендер көп.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Ең негізгісі, әр қазақстандық түсінуі керек. Ол жұмыс істесе жағдайының жаман болмайтынын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1 млн, 3 млн теңгеге несие алып, өзінің кәсібін жасап, өзін ғана емес, өзінен басқа 7-8 адамды асырап отыр.

Атаулы әлеуметтік көмек шаралары айтылмай қалған жоқ. Қазір көпшілікті толғандыратын да осы мәселе. Әлеуметтік желі арқылы сауал қойғандардың бірі шенеуніктердің берілген жәрдемақының қайда жұмсалғаны туралы есеп талап еткенін айтты. Министр атаулы әлеуметтік көмек айналасында алып-қашпа әңгімелердің көбейіп, түрлі айла-амалдардың жиілеп кеткенін жасырмады. Сондықтан тек ресми ақпаратқа сеніп, заңды құжат жинау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ жиында зейнетақы төлеу мен зейнетақы қорына қатысты сауалдар көп болды.

Ермек Ақтаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағы бұрын бірден берілетін еді. Ал қазір олай емес. Қаржыны бір рет алу тиімді еді. Көп адам толығымен алғысы келеді. Ипотекалық несиесін жапқысы келетіндер болады.

Бұл сауалға министр қордағы қаржының сақталатынын айтты. Және толық төленіп болғанша, ай сайын үстеме қосу қарастырылған. Жалпы министр елдегі әлеуметтік жағдайды түзеудің бірден бір жолы – халық көп шоғырланған облыстардың тұрғындарын  баспана мен жұмыс бере алатын өзге өңірлерге көшіру, дейді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Түркістанда, Шымкентте, Сарыағашта үйсіз-күйсіз жүргенше, Павлодар, Қостанай облысына қарай бару керек. Біріншіден, олардың көшіп барғандағы шығындарын қайтару үшін әрбір отбасы мүшесіне 88 мың теңге қаржы бөлінеді.

Көп балалы отбасыларын толғандырған сауалдардың бірі – баспанамен қамту жайы. Қазір өңірлерде «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы іске асып жатыр. Бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиемен пәтер алуға болады. Одан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезінген кәсіпкерлер ондаған отбасына баспана сыйға тартқан.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы