383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада түркі әлемінің ғалымдары бас қосты

  • 165
  • UPD: 21:26, 24.06.2019

«Ұлы дала» гуманитарлық ғалымдар форумына Азия, Еуропа, тіпті Америка құрлығынан мәртебелі меймандар арнайы келді.

Олардың арасында зерттеуші ғалымдардан бөлек, бір кездері өз елінде биліктің бір тұтқасын ұстаған саяси қайраткерлер де бар.

Түбі бір түркі әлемін зерттеп жүрген ғалымдар осымен төртінші жыл бас қосты. Қазақ елінің астанасында өткен ауқымды жиынға 20-ға жуық елден 200-ден астам маман келді. Түркітану ғылымының аясын кеңейтуге арналған баяндамаларға кезек келмес бұрын еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының құттықтауын  жеткізді. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– «Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен дәстүрге айналған бұл форум ғылыми интеграцияға тың серпін береді. Ашық пікір алмасулар мен салиқалы сараптаулар түркітану ғылымының одан әрі дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғалымдар 6 тақырыптық секция бойынша бөлініп, өзара пікір алмасты. Бұл секциялар Түркі дәуірінен бастап қазіргі интеграциялық үрдістерге дейінгі аралықты қамтиды. Тың тарихи деректер де айтылды. Мәселен, қазір қырғыз ғалымдары төл тарихын бұрынғыдан да тереңірек, тағы 1000 жыл шегеріп барып зерттеуге көшіпті. Оған Қырғыз президенті Сооранбай Жээнбековтың Қытайға сапары түрткі болған. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған форум осы тектес жаңалықтардың талқыланып, ғалымдардың тәжірибе бөлісетін алаңына айналды.

Қыдырәлі Қоңқабаев, халықаралық түркі академиясының аға сарапшысы /Қырғызстан/

– Әлбетте, егер әрбір түркі елінің тарихын тереңге кеткенін зерттесек жақсы болар еді. Бірақ оларды оқымысты зерттеушілер салқын көзбен, әбден зерттеу керек.

Дархан Қыдырәлі, халықаралық түркі академиясының президенті:

– Алтын Орданың 750 жылдығы, Моғолстан мен Тараз құрылтайының 750 жылдығы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» 950 жылдығы, шайыр Нәсимидің 650 жылдығы сияқты мерекелермен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, біздің жиындарымыз да осыған арналады.  

Форум барысында түркі әлемінің нығаюна үлес қосқан саяси қайраткерлер мен ғалымдарға академияның арнайы алтын төсбелгілері табысталды. Олардың арасында Моңғолияның тұңғыш президенті, Әзербайжан Республикасының тұңғыш премьер-министрі, Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы сияқты тұлғалар да бар. Бұдан бөлек, жиылған қауымға жаңадан жарық көрген бірнеше жинақ таныстырылды.

Хабар 24 телеарнасы