384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан – ТМД бойынша өз шекарасын бекіткен жалғыз мемлекет

  • 504
  • UPD: 22:43, 24.06.2019

Еліміз – ТМД бойынша өз шекарасын бекіткен жалғыз мемлекет.

Бұл тұста еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз.

Елбасы көрші Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен ел аумағын белгілеу мәселесін оңтайлы шешіп, келер ұрпаққа баға жетпес тарту жасады. Шекара бойында орналасқан кеден бекеттері елдің қауіпсіздігін сақтаумен қатар отанымыздың экономикалық дамуына да үлес қосып келеді.

Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Жайсаң Автокөлік» шекара – бақылау бөлімшесі арқылы өтетін жолаушылар саны арта түскен.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Әлемдегі ең ұзын шекараның бір бөлігі дәл осы жерден өтеді. Екі елдің аумағын білдіретін белгілер орнатылғанымен, арадағы сауда-экономикалық, мәдениет және өзге де салалардағы байланыс еш үзілген емес. Әсересе, қазір жаз мезгілдерінде қарым-қатынас арта түскен.

Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара жеті жарым мың шақырымды құраса, оның мыңға жуығы Ақтөбе мен Орынбор облыстарының ортасынан өтеді. Әр учаскеде ел аумағын күзету қатаң бақыланады. «Жайсаң - Автокөлік» бақылау бөлімшесінің қызметкерлері ауысымды режимде еңбек етіп, арлы-бері өткен көліктер ағыны мен тауарлар жіті тексеріледі. Бекет арқылы қауіпті заттардың елге кіруі мүмкін емес. Себебі жұмыс барысында арнайы құралдар қолданылады. Қажет болса, иісшіл иттердің де көмегі тартылады.

Сымбат Болыспаев, ҚР ҰҚК ШҚ 20/30 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Биылғы жылдың алты айы ішінде еліміздің заң талаптарын бұзған 389 тұлға анықталды. Бұдан өзге, мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тауар алып өтпекші болған 402 деректің жолы кесілді. Есірткі затына байланысты бес, қару-жараққа қатысты 8 факті тіркелді. Сондай-ақ берешегі бар азаматтар да бұл жерден өте алмайды. Шекараны күзету міндетіміз болғандықтан, еліміздің қауіпсіздігіне мейлінше көңіл бөлеміз.

Бұл бөлімшеде 2017 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, өткізу аймағының мүмкіндігі ұлғайды. Қазір тәулігіне екі мыңға жуық көлік пен сегіз мыңға дейін жолаушы өтеді. Сәйкесінше экономикалық тиімділік те артып тұр. Бекетте құжаттар рәсімделуден өзге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдердің тауарлары жауапты мамандардың қадағалауынан өтеді. Тыйым салынған өнімдер тексеріледі.

Рауан Елубаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің бас маманы:

– Біз мемелекеттік шекарада тауармен өткен көліктердің тауарларын тіркейміз және оларға талдау жасаймыз. Мониторинг жүргіземіз. Әрі қарай салық органдарына мәліметтерді жібереміз. Салық түсімі былтырғы жылға қарағанда, 2 млрд жуық салық болды.

Шекара – ең алдымен, ту, елтаңба және әнұранымыз секілді елдігіміздің белгісі. Посткеңестік мемлекеттер арасында алғаш болып, жеріміздің аумағын белгілеу егеменді елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баға жетпес еңбегі, дейді тарихшылар. Себебі халқымыздың мыңдаған жылға созылған шежіресі болғанымен, мемлекеттік дәрежеде бекітілген территориясы болмағанын айтады.

Шекара – тәуелсіздігіміздің кепілі. Сондықтан да оны қорғау – баршамыздың парызымыз дейді ғалымдар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы