383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста жарылыстан жараланған 15 адам жансақтау бөлімінде жатыр

  • 148
  • UPD: 17:06, 25.06.2019

Жойқын жарылыстан екі адам опат болды. Оның бірі ­ жергілікті тұрғын.

Екіншісі ­ төтенше жағдай болған әскери бөлімнің қызметкері, аға сержант. Ол бірнеше жылдан бері келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген. Әскери азамат оқ-дәрілер жарылған кезде мерт болды. Әлі 15 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Барлығы 165 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 76 адамға амбулаториялық көмек көрсетіліп, 89 пациент станционарлық емге жатқызылды. Пациенттердің негізгі бөлігі Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық, облыстық балалар және қалалық клиникалық ауруханаларда. Кейбір пациенттер Түркістан облысының аудандық орталықтарында емделуде. Медициналық көмек көрсету үшін жалпы 22 медициналық бригада жұмылдырылған.

Сонымен бірге эвакуация кезінде ата-анасынан көз жазып қалған бүлдіршіндер отбасымен қауышты. Қазір іздеуде жүргендері жоқ.

Ерлан Тұрғынбаев, ҚР Ішкі Істер Министрі:

- Балабақшадағы барлық бала эвакуацияланды. Олардың ішінде туыстарында болған балалар да бар. Барлық ата-ана іздестіріліп, оларға балаларын тапсырдық. Қазіргі уақытта «баламды жоғалттым» деген арыз-шағым жоқ.

Жойқын жарылыстан Арыстағы 19 үй мен 9 ғимарат зардап шекті. Электр желілері үзілді. Қаладағы тұрғын жайлардың 60-70% терезе, әйнектері сынған. Материалдық шығындар есептеледі. Саперлік жұмыстар аяқталған соң ғана комиссия залал көлемін анықтауға кіріседі.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкіметтік комиссия Арыс қаласындағы тұрғын үйлерге, әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарға келтірілген залалды анықтайды. Тиісті шешімдер қабылданып, қысқа мерзімде толық қалпына келтіріледі. Үкімет тарапынан қажетті шаралар атқарылатын болады. Бүкіл ел қиындықты еңсеруге атсалысуда. Осы ретте Nur Otan партиясы Арыс қаласына көмек көрсету мақсатында қаражат жинау бастамасын қолға алды.

Хабар 24 телеарнасы