383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы жойқын жарылыстан темір жолдар да бүлінген

  • 165
  • UPD: 17:11, 25.06.2019

Бұл туралы орталық коммунакациялар қызметінде өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір қалада қауіп сейілген. Бірақ от тұтануы мүмкін аумақтар әлі де бар. Сондықтан саперлар жарылғыш заттардың барлығын істен шығармайынша, қала аумағына ешкімді кіргізбейді. Бұл бірінші кезекте сақтық үшін жасалып отқан шара. Мамандар жарылғыш заттардың көзін жойған соң бүлінген теміржолды қалпына келтіруге кіріспек.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Бірінші кезекте теміржол желісін іске қосуымыз керек. Өйткені, аталған бағытпен жолаушылар жиі тасымалдайды. Жарылыс кезінде шойын жолдың кейбір бөлігі бүлінген. Қауіп толықтай сейілген соң, теміржолды қалпына келтіруге кірісеміз.  

Брифингте денсаулық сақтау министрінің орынбасары да соңғы мәліметтерімен бөлісті. Олжас Әбішевтің айтуынша, дәрігерлердің көмегіне 165 адам жүгінген. 89 науқас қазір Шымкент қаласындағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. 15 тұрғын жан сақтау бөлімінде. Бірақ мамандар олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ дейді.  

Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Жамбыл облысынан қосымша 4 медициналық бригада жіберілді. Алматы қаласынан білікті травмотологтар, реанематологтар келіп, науқастарды тексеріп жатыр. Қажет болған жағдайда, санитарлық авиацияның 2 тікұшағын қолдануға дайынбыз.

Хабар 24 телеарнасы