384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арысқа өңірлерден гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр

  • 262
  • UPD: 00:01, 26.06.2019

Жарылыстан зардап шеккен арыстық ағайындарға бүкіл ел жұмылып қол ұшын беріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бірі ақшалай, енді бірі тұрмыстық заттар, киім-кешекпен көмектесуде. Бүгін барлық өңірден азық-түлік, басқа да керек-жарақтары тиелген автокеруен Арысқа жол тартты.

Тобыл өңіріндегі бірқатар мекеме, кәсіпорын ұжымы Арыста зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік еңбекақыларын аудару туралы шешім қабылдаған. Игілікті істен бизнес өкілдері де шет қалған жоқ. Мысалы, жергілікті кәсіпкер Сергей Блок  жағдайды естіген бойда бір миллион теңге аударатындығын  жеткізген. Ал қарапайым халық гуманитарлық көмек жинауды бірден бастап кетті. Алғашқылардың қатарында көмек қолын созғандардың бірі – Қостанай қаласының тұрғыны Ерболат Аханов.

Ерболат Аханов, Қостанай қаласының тұрғыны:

– Арыс қаласында болған жағдайға кішкене болса да өз үлесімді қосайын деп, шамалы бір көмекті алып келдім. Әрине, сын сәтте ынтымақ танытуымыз керек. 

Семей қаласында да гуманитарлық көмекті қабылдау орны ашылған. Ағайынның басына түскен қиындыққа бейжай қарамайтын қарапайым қайырымды жандар таңертеңнен бері азық-түлік, ауыз су, гигиеналық заттар әкеліп тапсырып жатыр. Жекелеген мекеме ұжымдар бір күндік еңбекақыларын аударын үлгірген.     

Алмас Айтмұқаш, Jas Otan жастар қанатының төрағасы:

– Ел болып, жұрт болып бірігіп, Арыс қаласындағы ағайындарға, «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көп түкірсе, көл болады» дейді, сол себепті азғантай болса да әлеуметтік көмек қолын созуға талпынып жатқан жағдайымыз бар. 

Ал Қызылорда облысы тарапынан арнайы автокеруен жасақталып, 14,5 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық 1,5 тонна сүт жіберілді. Жергілікті атқарушы орган өкілдері де, барлығы 2083 мемлекеттік қызметші бір күндік жалақысын аударуға ниет білдірген. Облыста құрылған жедел штаб кез келген уақытта түрлі көмек көрсетуге дайын.

Ержан Байтілес, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

– Бір түнде ғана жиналған зат. Əлі де біз Қызылорда облысының атынан құрылыс материалдары болсын, қажетті заттар болсын сондағы ағайынға жеткізіп беруге ниеттеніп отырмыз.

Ардақ Кəрімбаев, Қызылорда облысының тұрғыны:

– Апат айтып келмейді, біз де қалыс қалмайық деп Арыс қаласына көмек қолын беріп жатырмыз.

Осы оқиғаға байланысты теміржол қатынасы арқылы діттеген жеріне жете алмай қалған 1200 адамға көмек көрсетілді. Оларға  тегін ас-суы жеткізіліп берілді. Пойыз бағыты өзгергендіктен, жолаушылар әрі қарай автобуспен сапар шегеді.

Авторы: Мағауия Қалиев

Хабар 24 телеарнасы