389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстан Шымкентке 6374 адам келіп орналасқан

  • 486
  • UPD: 23:33, 25.06.2019

«Арыс. Біз біргеміз» жалпы халықтық акциясы Шымкентте де жалғасын табуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шымшаһардағы 36 эвакуациялық бекеттерде тұрғындарға тәулік бойы ыстық тамақ, киім-кешек, жатын орынға арналған қажетті заттарды жергілікті халық, меценаттар жеткізіп беруде. Сондай-ақ қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Ақмешіт» жиналу бекетінде Арыс қаласының жоғалған ересек тұрғындарының тізімін жүргізуде. Қазіргі таңда олардың саны 333 адамға жеткен. «Тек соның үшеуі ғана табылды», – дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Біз бүгін күні бойына бірнеше дәл осындай бекеттерді араладық. Ондағы Арыс қаласы мен аудан төңірегінен келген халықпен жүздестік. Жағдайын білдік.

Қазір шаһардағы барлық эвакуациялық орындарда қажетті азық-түлік, киім-кешек, түрлі қажетті заттар жеткілікті көлемде жиналып қалды. Сонда да болса қол ұшын созып келіп жатқандар көп. Мәселен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы өздеріне тиесілі үш жатақханасын Арыстан келген азаматтарға берген. Қазір онда 600-ден астам отбасы қоныстанған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халықтың бұл қиындығымен бөлісуге Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан әнші-өнерпаздар да арнайы келуде.

Қазіргі таңда қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен қауырт желі қолға алынған. Оған еліміздің барлық өнірлерінен, жақын және алыс шет елдерден 49365 қоңырау келіп түсіпті. Ал Арыс қаласынан Шымкентке 6374 адам келіп орналасса, соның 2433-і жас балалар. Барлық эвакуациялық пункттерде балалар ата-аналарымен бірге.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы