384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс қаласында жоғалған ересектердің саны 333 адамға жеткен

  • 309
  • UPD: 23:30, 25.06.2019

«Арыс. Біз біргеміз» жалпыхалықтық акциясы Шымкентте де жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қаладағы 36 эвакуациялық бекетте тұрғындар тәулік бойы ыстық тамақ, киім-кешек, жатын орын және өзге қажетті заттармен қамтылған. Көбісін жергілікті халық, меценаттар жеткізіп беріп жатыр. Ал қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Ақмешіт» жиналу бекетінде Арыс қаласының жоғалған ересек тұрғындарының тізімін жүргізуде. Қазір олардың саны 333 адамға жеткен. Әзірге соның үшеуі ғана табылды.

Біз бүгін күні бойына бірнеше дәл осындай бекеттерді араладық. Ондағы Арыс қаласы мен аудан төңірегінен келген халықпен жүздестік. Жағдайын білдік.

Қазір шаһардағы барлық эвакуациялық орындарда қажетті азық-түлік, киім-кешек, түрлі қажетті заттар жеткілікті көлемде жиналып қалды. Сонда да болса қол ұшын созып келіп жатқандар көп. Мәселен, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы өздеріне тиесілі үш жатақханасын Арыстан келген азаматтарға берген. Қазір онда 600-ден астам отбасы қоныстанған. М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушылары мен профессор құрамы өздерінің бір күндік жалақыларын зардап шеккен тұрғындарға аударды. Ал осы жоғары оқу орнының студент ерікті жастары қазіргі таңда халық шоғырланған арнайы бекеттерде көмек көрсетуде. Біз енді арнайы бекеттердегі халықтың жайын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік... 

Айгүл Исатаева, Арыс қаласының тұрғыны:

– Әлі үй жағдайымызды біле қойған жоқпыз. Не болғанын. Ауылдың шеттеріне ештеңе бола қойған жоқ. Арыстың ішінде болып жатыр ғой барлық нәрсе. Жағдайымыз жақсы. Ілінген нәрселерді әкеліп жатыр халқымыз.

Нұрсұлу Омарбекова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Шымкентте паналап жатырмыз. Рақмет. Бала-шағамның барлығы қасымда. Көңілім тоқ. «Дүние – қолдың кірі» деген. Киім де беріп жатыр. Алладан қайтсын. Осы еліміз тыныш болсын.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:

– Жергілікті жердің тұрғындары бізге ыстық тамақ, киімдер, ең қажетті материалдарды алып келіп жатыр. Ал жастарымыз қазір көрпе-төсегі бар, кім қолынан не келеді, бәрін әкеліп жатыр.

Қазіргі таңда қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен қауырт желі қолға алынған. Оған еліміздің барлық өнірлерінен, жақын және алыс шет елдерден 49365 қоңырау келіп түсіпті. Ал Арыс қаласынан Шымкентке 6374 адам келіп орналасса, соның 2433-і жас балалар. Барлық эвакуациялық пункттерде балалар ата-аналарымен бірге.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы