384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада арыстықтарға гуманитарлық көмек жөнелту орны ашылды

  • 168
  • UPD: 08:56, 26.06.2019

Елордалықтар үшін де арыстықтарға гуманитарлық көмек жөнелту орны ашылды.

Бас шаһар тұрғындары Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен және оқыс оқиғаға байланысты үйлерін тастауға мәжбүр болғандарға іс жүзінде қолдау білдіре алады. Ол үшін елордадағы «Жастар сарайы» ғимаратына келуге болады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» даналыққа салып, Арыстағы жағдайға бейжай қарамай, қол ұшын созып жатқандардың қарасы өте көп. Игі істен елордалықтар да тыс қалып жатқан жоқ. Осыған байланысты, «Жастар сарайында» гуманитарлық көмек пункті ашылды. Өзінің көмегін берем деушілер 306-кабинетке келулеріне болады.

Бірі азық-түлік пен киім-кешек жеткізсе, енді бірі алғашқы қажеттіліктегі тұрмыстық заттарды әкелуде. Елорда жастарының атынан (Батыр боламын( қайырымдылық қорының өкілдері де атсалысып жатыр. Азаматтық борышын орындап жатқандардың қатарында ағайынды Уахаптар отбасы да бар. Олардың айтуынша, қиын сәтте қазақстандықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы қажет.

Арман Уахап, «Батыр боламын» қайырымдылық қоры басшысының орынбасары:

– Әлеуметтік желіден естіп, елорда жастарының Арыс халқына деген іс-шараға қосылуына қуаныштымыз. Және де Астана өңірі мен басқа қала жастарын осы шараға қосылуға шақырамын. Бәріміз бірігіп, қиындықты бірге шешеміз деген сенімдімін.

«Астана Жастары» ресурстық орталығының өкілдері гуманитарлық көмекпен ғана шектелмей, Арыстағы жағдайдан зардап шеккендерге донорлық, ізінше ақшалай жәрдем де көрсетіп жатыр.

Ақерке Жұмабаева, «Астана жастары» ресурстық орталығы директорының орынбасары:

- Біздің ең басты мақсатымыз – Арыстағы аға-апаларымызға, кішкентай сәбилерге көмектесу. Әрине мемлекет көмектеседі. Және біз бір мемлекет болғаннан кейін, осы трагедияны жұмылып көтерсек, нағыз қазақ екенімізді көрсетеміз.

Фарангиз Ахметова, Қазақстан халқы Ассамблеясының және өзбек этномәдени орталығының өкілі:

- Өзбек этномәдени орталығы атынан біз де осы шарадан шет қалмадық. Өз басым кәсіпкер ретінде көмегімді бердім. Бәріміз кеше таңғы уақытта қан тапсырып, одан түскен қаражат көлемін Түркістан облысына бағыттадық. Студенттер де барынша атсалысып жатыр.

Айта кетейік, Республика даңғылы, 34 мекенжайында орналасқан «Жастар сарайы» ғимаратымен қатар, «Nur Otan» партиясының жергілікті өкілдіктері де гуманитарлық көмек қабылдап жатыр. Осы апта ішінде заттай жәрдем қабылдау пункті Медицина университетінде де ашылады. Ал алғашқы гуманитарлық жүк оңтүстікке осы жұмада жөнелтіледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы