384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да Арыс халқына гуманитарлық көмек қабылдайтын орындар ашылды

  • 157
  • UPD: 09:08, 26.06.2019

Арыстағы ел-жұртқа бүкіл ел болып көмектесіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы барлық қала ауданда арнайы штабтар құрылып, гуманитарлық көмек қабылдайтын орындар ұйымдастырылды.

Алғашқы болып облыстағы барлық мешіттер қол созды. Әсіресе алыс аудан мен ауыл тұрғындары жинаған көмектерін жергілікті мешіттер арқылы жіберіп жатыр. Өскемен қаласындағы Халифа Алтай атындағы орталық мешітке дәл қазіргі уақытта жүздеген қорап зат жиналды. Олардың көбі бұзылмайтын азық-түлік және күнделікті тұрмысқа қажет жуу құралдары мен тұрмыстық дүниелер. «Арыспен біргеміз» республикалық акциясы басталысымен облыстағы әрбір аудан, ауыл қаладан заттар лек-легімен келіп жатыр. Ал жиналған заттарды алдағы бір екі-күнде Арыс қаласына жөнелтпек. Өңірдегі мешіт қызметкерлері және ардагерлер кеңесі қайырымдылық шарасын өткізуге бастан-аяқ ұйтқы болмақ.

Ермек қажы Тасболатұлы, ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы:

– Ауылдық мешіттер қайырымдылық шарасын бастады. Қазір жүктердің бәрі жиналып жатыр. Ең негізгі қажетті заттар бар. Осылардың бәрін біріктіріп Алла бұйыртса ең жақын уақытта Арыс қаласына аттандырамыз. Әлбетте бұл бір күнмен тоқтап қалмайды.

Бақдәулет Мүрсәлім, зейнеткер:

– Жасым 80-нен асқан. Жүрегім елжіреп келіп тұрған адаммын. Ақсақалдарымыз бар, үлкендеріміз бар, басқа ұлттар бар, жабылып көмектесіп жатырмыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады деген. Нәтижелі жүрекпен істеген іс өз жүйесін табады.

Хабар 24 телеарнасы