384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстықтарға әлеуметтік-гуманитарлық көмек көрсету жалғасуда

  • 153
  • UPD: 10:38, 26.06.2019

Түркістан облысы Арыс қаласында болған оқиғадан кейін Қазығұрт ауданына 1500-ден астам адам эвакуацияланған.

Бас сауғалап барған халық 4 бірдей арнайы бекетке орналастырылып, жатын орын, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қазір оларға әлеуметтік, медициналық көмек жан-жақты көрсетіліп жатыр. Арыстық ағайынның жағдайын білу үшін «Хабар» агенттігінің түсірілім тобы өңірге арнайы барды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Біз қазір Қазығұрт ауылындағы «Дарын» мектеп-интернатында тұрмыз. 4 бекеттің бірі осы жерге бекітілген. Мұнда оқыс оқиға тіркелген уақыттан бастап 142 адам орналастырылыпты. Оның 64-і ересек азаматтар болса, қалғаны 18 жасқа толмаған балалар. Ішінде мүмкіндігі шектеулі екі адам бар.  Осы өткен түні бұл жерде 17 отбасы бала-шағасымен түнеді.  Кейбір азаматтар ыңғайына қарайы ағайындарының, туыстарының үйлеріне барып жатыр. Бастысы ешқандай кикілжің, түсініспеушілік жоқ.

Бекетте барлық жағдай қарастырылған. Ыстық тамақ, жатын орын, балаларға ойын бөлмелері, ал егде жастағы қарияларға арнайы демалыс орындары әзірленген. Психологтар әр азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, қолдау көрсетіп жатыр. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға екі дәрігер, үш мейірбике қызмет көрсетеді. Ал түнгі уақытта кезекшілік қойылады. Қазіргі уақытқа дейін медицина қызметкерлері 4 балаға және мүмкіндігі шектеулі екі азаматқа жәрдем көрсеткен.  Жұрт рухани, материалдық, әлеуметтік жағынан жан-жақты көмектесіп жатыр. Тұрғындардың бір-біріне деген ниеті, кең пейілділігі сезіліп тұр. Тіпті уақытша қоныстанған халықты тамақтандыру үшін жергілікті жұрт кезекке тұрып жатыр. Әсіресе жастар белсенді. Ауыл жастары көмек қолын созып, шама-шарқынша азық-түлік, су, көкөніс әкеліп өткізіп кетіп жатыр.

 Игі істен өңірлерде қалыс қалып жатқан жоқ. Аймақтардан азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар лек-легімен жеткізілуде.

Арыста болған оқиғадан зардап шеккендерге жәрдем беремін деушілер қатары көп. Алайда жағдайды пайдаланып жалған реквизит таратып алаяқтыққа баратындардың арбауына түсіп қалудан сақтану қажеттігін ескертеміз. Қазір еліміз бойынша ресми «Түркістан» корпоративтік әлеуеметтік даму қоры жұмыс істейтіндігін естеріңізге салғым келеді.

Хабар 24 телеарнасы