384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңіріндегі төрт лагерь арыстық 300 оқушыны қабылдауға әзір

  • 315
  • UPD: 10:58, 26.06.2019

Ертіс өңірінің белсенді жастары Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындарының жағдайына алаңдаулы.

Қол қусырып отырмай, көмек қолын созуға ниет білдіргендердің қатарында «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер бар. Олардың бір бөлігі Арыс қаласынан жазғы уақытта облыстың лагерьлеріне демалуға келетін оқушыларға психологиялық көмек көрсеткісі келеді. Бүгінді оқушылар үшін төрт лагерьде 300 орын дайын. Бүгінде жастардың дені ерікті ретінде еңбек етуге сақадай сай. Ал «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалыспақ.

Бір топ жас Арыс қаласында болған оқиғаның бейнематериалдарын қайта көріп, сене алар емес. 21 жастағы жігіттер Павлодар қаласына төрт жыл бұрын оқуға келген. Болашақ әлеуметтік педагог Нұржан Ораздың ата-анасы жарылыс кезінде шаһарда жұмыс басында болыпты. Кейін қауіпсіз жерге көшірілген. Нұржан енді демалуға келетін оқушыларға ағалық қамқорлығын көрсетуге ниетті.

Нұржан Ораз, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:

– Видеодан да көріп жатырмыз. Өте қорқынышты. Оларда психологиялық шок болды деп ойлаймын. Арыс қаласының тумасы болғандықтан, олардың көңілдерін аулауға өз пайдамды тигізгім келеді.

Ал Дәулетхан Жамалбек – Шардара ауданының тумасы. Ол да қатарластарынан қалмай, лагерьге барып, еңбек етуге бірден келіскен. Жарылыстың болғанына бір күн өтсе де, уайымы басылмапты.

Дәулетхан Жамалбек, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:

- Өзім оңтүстік өңірдің азаматы болғандықтан, уайымдаймын. Ел-жұртым бар, ата-анам бар. Әскери қызметкерлерге алғысымызды білдіреміз.

Қазіргі таңда Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 500-ден астам студент оқиды. Олардың қатарында Арыс қаласы және жақын маңдағы ауылдардың 40-қа жуық жасы бар.

Ал «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары Арыстағы оқиғадан соң шұғыл жиын өткізді. Оңтүстіктегі әріптестерімен байланысқа шығып, көмек ұсынған.

Абай Уахит, «Жасыл ел» штабының өкілі:

– Бұл төтенше жағдай міне Ертіс жастарын да алаңдатып отыр. Егер біздің көмегіміз керек болып жатса, сол жерге барып, көме қолын, көмек күшін созуға дайынбыз. Қаланы қалпына келтіру үшін үлкен күш керек. Құрылыс жасақтары баруға дайын.

Ертіс өңіріндегі қала сыртындағы төрт лагерь Арыс қаласының 300 оқушысын қабылдауға әзір. Тегін сауықтыру және демалыспен 5-9 сынып оқушылары қамтылады. Жеткіншектерге көмектесу үшін психологтар мен дәрігерлерден арнайы штабы құрылды.

Дінислам Болатханұлы, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Демалуға ниет білдірген балалардың саны 300-ден асып кетсе, біз резервтерді қарастыратын боламыз. Қосымша Ертіс-Баян өңірінің таныстыру, қосымша білім беру, мәселелері және Павлодар қаласының өзінде экскурсиялар жасау, қызықты жерлерге, тарихи жерлерге музейлерге апару сияқты біз олардың 15 күнді қызықты, пайдалы, мәнді өткізуіне жағдай жасап жатырмыз.

Арыс қаласының тұрғындарына көмек шаралары осымен шектелмейді. Аймақтың екі мыңнан астам тәртіп сақшысы зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын аударған. Бұл игі іске мемлекеттік қызметшілер де үн қосты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы