389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс халқына көмек: Бүгінге дейін 263 млн 985 мың теңге жиналған

  • 513
  • UPD: 15:21, 26.06.2019

Арыс қаласынан қауіпсіз аймаққа көшірілген адамдарға барлық жағдай жасалды.

Арнайы жұмыс тобы құрылды. Зардап шеккендерге көмек көрсететін еріктілер де келіп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты 70-ке жуық уақытша паналау бекеттері ашылды. Оның 43-і Шымкент қаласында, ал қалғаны Түркістан облысының аудандарына орналасқан.

Арыстағы ағайынға жан-жақтан келіп жатқан көмек жүйелі түрде үлестіріледі. Жиналған қаржы ұстағанның қолында тістегеннің аузында кетпес үшін Түркістан облысы әкімдігінің жанынан ресми қор құрылды. Бүгінге дейін оған 263 миллион 985 мың теңге жиналды. Бұл қаржыдан әзір бір тиын да алынбайды. Оны қайда жұмсауды жағдай тұрақталған соң тұрғындар арасынан құрылған комиссия шешеді. Сондай-ақ өңірлерден келген заттай көмекті қабылдайтын арнайы орталықтар бар. 

Жолдымұрат Аманбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

– Шымкент қаласында, аудан-аудандарда, Абай ауданында, Ынтымақ мөлек ауданындағы 952 деген жерге келген көмектерді жинап жатырмыз. Шымкент қаласында ашылған пункттер бар, аудандарда ашылған пункттер бар, сол жерде біздің бекітілген адамдар бар. Солар кімге қандай тамақ керек, қаражат керек, жіберіп отырады. Әр аудан әкімі де жүр. Аудандардағы пункттер бойынша ешқандай сұрақ жоқ.

Арыстан көшірілген адамдар 43 арнайы орталыққа орналастырылды. Онда медициналық қызметкер мен психолог мамандар тұрғындарға тиісті көмек көрсетіп жатыр.

Қайрат Нұртай, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

– Балаларға қосымша біздің қуыршақ театры барды. Пункттердің барлығы полиция қызметкерлерінің бақылауында. Шымкент қаласы бойынша екі күннің ішінде 26 бала тіркелді.

Төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылған эвакуациялық бекеттерде 24 мыңнан аса адам орналасты. Оның 4 мыңы Түркістан облысы аумағында, 20 мыңдайы Шымкен қаласында. Қалғандары ағайын-туыстарын паналап жүр. Қаладан көшіру кезінде ата-анасынан адасып қалған 200-дей бала отбасымен қауышты.

Ұласбек Сәдібеков, жедел штабтың мүшесі:

– Халық орналасқан колледж, орта мектеп, балабақша мектеп интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық тиісті қажет жағдайлар жасалынған. Түркістан облысы әкімдігі ресми сайтында «Арыс көмек» атты арнайы болг ашылды. Арыс қаласындағы жарылыстан кейін жақынын баласын жоғалтқандар осы сайттан толық мәлімет ала алады. Сонымен бірге туған-туысын іздеген азаматтар электронды пошта арқылы бар мәліметті жолдай алады.

Кеше Арыс халқына Қарағанды, Жамбыл облыстарынан заттай көмек жеткізілді. Бүгін Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Талдықорған облыстарынан да азық-түлік тиеген керуен келіп жатыр. Оларды қабылдайтын орталықтар ашылып, көмекті жүйелі түрде үлестіру үшін арнайы топ құрылған.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы