389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі эвакуациялық бекеттердегі халық саны 26 мыңнан асты

  • 276
  • UPD: 00:35, 27.06.2019

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 70-тен жуық қоныстану орталығы жұмыс істеп тұр.

Эвакуациялық пункттерде 30 мыңнан астам адам тіркелді. Оның ішінде Шымкент қаласында 26 691, ал Түркістан облысының аудандарында 4 мыңнан астам адам тиісті көмек алды.

Халық орналасқан орта мектеп, колледж, университет және балабақша мен мектеп-интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалған.

Арыс қаласының тұрғыны Сая Данақызы үш баланың анасы. Оқиға болған кішкентай сәбиімен үйінде қалған. Жақын маңнан кенеттен қатты жарылыс даусын естіген кезде баласын алып қаша жөнелген. Бірден жол-жөнекей балабақшаға соқтым дейді ол. Ол жерден ортаншы қызы Алуаны алған. Ал үлкенінен көз жазып қалыпты. Кейін белгілі болғанындай, тұңғышы Аделяны бақшадағы тәрбиешісі алып кетіпті. Себебі сол мезетте бүлдіршіндердің үйіне де қауіп төніп, есік терезелері қираған. Ал Сая жоғалтқан қызымен Шымкентке жеткенде кешкісін қауышыпты. 

Сая Данақызы, Арыс қаласының тұрғыны:

- Қызым қорқып қалды. 1 сағат құшақтап жібермеді, жылады мамалап. Жанымыздың қалғанына шүкір. Енді жоғары жақтағылардан Президентімізден көмек сұраймыз. Үйіміздің барлығы қирап қалды. М.Әуезов атындағы университетіне ректорына үлкен рахмет айтамыз. Бізді жылы қарсы алып, ас ауқатымызды киім кешегімізді беріп, қол ұшын созып жатқанына көп-көп рахмет.

Ал Әйгерім Алмаханаваның ай күні жетіп босануына санаулы күндер қалған. Қазір өмірге келетін төртінші перзентін күтіп жүр. Қазір отбасымен теміржол ауруханасын паналауда. Әйгерім де жүкті екендігіне қарамай, жарылыс болғанда бас сауғалаған. «Бар уайымым, жолда босанып қаламын ба деп қорықтым» дейді ол. Қазір келіншек дәрігерлердің бақылауында. Арыстағы үйіміздің сау тамтығы қалмаған. Көз алдымызда баспанамызға жарылғыш зат түсіп жанып кетті дейді ол.

Хабар 24 телеарнасы