384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» телеарнасының тілшісі ҚР Президентінің грантына ие болды

  • 185
  • UPD: 22:09, 26.06.2019

Мемлекет басшысы үздік журналистерді марапттады. Ақордада өткен салтанатты шарада «Хабар 24» телеарнасының тілшісі де Президенттің грантына ие болды. 

Арқалағаны алтын, жегені жантақ. Қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның осы бір қанатты сөзі келдек қаламды серік еткендерге берілген баға болса керек. Қарусыз майданда қамкөңіл жұрттың жүдеу-жадау тұрмысын, әділетсіздік пен бассыздықты баса айтып, билік назарын бұра білген тілшілердің көбі Ақордаға жиналды. Президенттің марапатын күтті.

Тілі сүңгі тілшілер қоғамдағы қордаланған жайттарды қаз қалпынша жеткізе білді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің еңбегі ерен деді. Сондықтан Президент пәрменімен 28 маусым бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесі болып бекітілді.

Мемлекет басшысының арнайы сыйлығы ақпарат саласының сақа журналистеріне бұйырды. Жүсіпбек Қорғасбек, Жанарбек Әшімжан, Жайна Сламбекқызы сынды майталмандар осы марапатқа ие болды.

Президенттік грантты биыл жас журналистер еншіледі. Арасында «Хабар 24» телеарнасының белді тілшісі Рауан Мыңбаев та бар. Соңғы 3 жылда президенттің өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапарларын бұқпасыз әрі боямасыз жеткізген журналист бұл марапат кез келген маманға мол жауапкершілік жүктейді деді.   

Рауан Мыңбаев, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:

- Мемлекет басшысының қолынан құнды марапат алған журналистердің қуанышында шек жоқ. Бірі Президенттің тың бастамаларын айтып, алғысын жаудырып жатса, енді бірі көз жастарына ерік берді. Президенттің алғыс хаттары шығармашылық ұжымдарға берілді. Ақпарат саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген өңірдегі журналистер де мақтау-мадақтан кенде қалмады.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Еңбектің еленгені жақсы. Елдің берген батасы одан да артық. Ақордада марапатталған тілшілердің әр қайсысы жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдай білді. Олар көптен оза шауып, озат атанды. Сол үшін де осындай мақтау-мадаққа кенеліп отыр. Берілген марапат – мол сенім артады. Сол сенімге селкеу түсірмеу – басты мұрат болса керек. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы