384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Медуниверситет түлектеріне дипломмен бірге интернатура бітіргені туралы куәлік беріледі

  • 155
  • UPD: 00:10, 27.06.2019

Еліміздегі медицина университетінің түлектері енді дипломмен бірге интернатура тәмамдағаны жөнінде куәлік пен дәрігер сертификатын алып шығады.

Осылайша жас мамандарға бірден жұмысқа кірісуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұған дейін олар біліктілігін бірнеше мәрте дәлелдеуге мәжбүр болатын. Тек содан кейін науқасты емдеуге рұқсат етілетін. 

Пилоттық жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Бүгін Қарағанды медицина университетінің түлектері емтиханды осынау жаңа тәртіппен тапсырды. Нәтижесі қандай? 

Бұған дейін медицина университетін тәмамдаған түлектерге дәрігер сертификатын алу үшін тағы бір мәрте сынақ тапсыруға тура келетін. Себебі ол құжатсыз еш жерге жұмысқа тұра алмайсың. Ал енді жаңа тәртіпке сәйкес, екі емтихан біріктіріліп, болашақ дәрігерлер дипломмен бірге мамандық сертификатын алып шығатын болды. Сынақтың әділ өтуін тәуелсіз мамандар қадағалайды.  

Әсел Алина, медициналық университеттің ұстазы:

- Бұл тәуелсіз емтихандауға практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысады. Медициналық ассосацияның өкілдері қатысады. Сондықтан емтихандау тәуелсіз тұрғыда, академиялық шындық жағдайда, ашық жағдайда жүргізіледі.

Бүгін Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 786 интерні алғаш рет жаңа тәртіппен емтихан тапсырды. Терапия, педиатрия, хирургия секілді 6 мамандық бойынша білім алған түлектердің барлығы дерлік жауапты сынақтан сүрінген жоқ.

Балхадиша Шатқалбаева, интерн-терапевт:

- Басында кішкене қобалжыдық, бірақ тапсырып шыққаннан кейін сенімділік, тәуелсіздік пайда болып студенттерге, бізге бәрі жақсы өтті. Бұл емтиханның түрі бізге өте ыңғайлы. Себебі біз осы экзаменді тапсыру арқылы жұмысқа да орналасуға, тағы бір тапсырудың қажеті жоқ, және де бізге универді бітірген дипломымызды алуға өте ыңғайлы түр болып табылады.

Жалпы бұл әлемде бар тәжірибе. Қазақстанда биылдан бастап қолға алынды. Жаңа жоба жас мамандардың жұмысқа тез араласып кетуіне жол ашады, - дейді оқу орнының ұстаздары.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы