389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстықтарға әлеуметтік-гуманитарлық көмек көрсету жалғасып жатыр

  • 287
  • UPD: 09:39, 27.06.2019

Түркістан облысы Арыс қаласында болған оқиғадан кейін бір ғана Қазығұрт ауданына 1500-ден астам адам эвакуацияланған.

Бас сауғалап барған халық 4 бірдей арнайы бекетке орналастырылып, жатын орын, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қазір оларға әлеуметтік, медициналық көмек жан-жақты көрсетіліп жатыр. Төтенше жағдай жарияланған аумақтан шығарылған жұрт енді-енді естерін жиып, туған-туыстарын тауып жатыр.

Рана Әбсейітова Арыста болған оқиғаны қорқынышпен еске алады. Жалғызбасты ана жарылыс кезінде жұмыс орнында болған. Жұрт жаппай эвакуацияланған кезде 3 баласын үдере көшкен топтың ішінен таппай қалдым дейді ол. Тек бірнеше сағат өткеннен көше бойында тасада тұрған жерде қауышыпты. Қазығұрт ауылында қазір Рана сияқты жүздеген отбасы қоныстанған.

Рана Әбсейітова, Арыс қаласының тұрғыны:

– Бала-шағамызға қарай жүгірдік. Үй жаққа барсақ, бала-шағамыз жоқ. Үйіміздің терезесі жоқ болып кеткен. Бала-шағамызды жан-жақтан тауып алдық. Ешкімнің басына салмасын. Өзім шок болдым. Қазір Құдайға шүкір! Осы Қазығұрт тұрғындары тамағымызды, киімімізді қамтамасыз етіп жатыр. Мыңда бір алғыс!

Жолдыбай Ақбаев, Арыс қаласының тұрғыны:

– Мен өзімнің көлігіммен келдім. Камаздың ішіне, сыртына адамдарды мінгіздік. Халық не істерін білмей қалды. Барлығымыз осы жаққа қарай жүре бердік. Біз Қазығұртқа келдік. Сарыағашқа кеткендер бар. Шымкентке кеткендер бар. Жан-жаққа кете бердік. 

Қазір Қазығұрт ауданында 4 эвакуциялық бекеттен бөлек, 5 ауылдық округтегі тұрғын үйлерде 500-ден астам адам қоныстандырылған. Жалпы ауданға келген арыстықтардың 355-і – кәмелетік жасқа толмаған балалар. Осы уақытқа дейін жоғалған 11 бала ата-анасын тауып, аман-есен қосылды.

Қайрат Садықов, Қазығұрт ауылдық округінің әкімі:

– Бүгінгі күнге 378 азаматтар келіп, тіркеліп, қазіргі таңда жатақханаларға жайғастырылды. Ол азаматтарды қазіргі таңда қабылдайтын тағы да қосымша мүмкіндіктеріміз бар. Азық-түлік толығымен қамтылып, 10 күнге жететіндей қор жинақталды. Сонымен қатар кішкентай балаларға киім-кешектер әзірленіп таратылып берілді.

Қазір аудандық ауруханада жарылыс кезінде жараланған 10 науқас ем алып жатыр. Олар түрлі дене жарақаттарын алған. Дәрігерлер олардың өміріне келер қауіп жоқ деп отыр. Аудан тұрғындары бір күндік жалақыларын жинап, жақын күндері 15 миллионнан астам теңге Түркістан корпоративтік әлеуметтік даму қорына аудармақ.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Арыста болған оқиғадан зардап шеккендерге жәрдем беремін деушілер қатары көп. Жұрт рухани, материалдық, әлеуметтік жағынан жан-жақты көмектесіп жатыр. Әсіресе жастар белсенді. 100-ден астам ауыл жастары еріктілер жасақтарын құрып, жәрдем беріп жүр. Жалпы Қазығұрттағы жағдай қалыпты. Халықтың үйлеріне аман-есен оралуына тілектеспіз. Енді қазір Ордабасы ауданына жолға шықтық.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы

Хабар 24 телеарнасы