389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстың мұңы көпке ортақ

  • 296
  • UPD: 09:40, 27.06.2019

Қазақстандықтар жұмыла Арыстағы ағайынға көмек қолын созуда.

Еліміздің әр түкпірінде арнайы штаб құрылып, аса қажет деген азық-түлік, киім-кешек, төсек жабдықтарын жинап жатыр.

Арыстағы жағдайдан кейін еліміздің әр түкпірінде көмек көрсету штабтары құрылды. Елордадағы этномәдени бірлестіктер де ауызбіршілік танытып, арыстықтарға көмек қолын созуда. 23 этномәдени орталық өкілдері «Арыстың мұңы көпке ортақ» дейді.

Хасан Шәріпов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Естіп, көмегімізді бастадық. Мен өзбек орталығы атынан елорда шаһарынан 22 тонна ұн жібердім. Бұл ұнды олардың нан қылатын мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бүгінгі күнде нан етіп таратып жатырмыз.

Сондай-ақ бүгін Қостанайдан алғашқы көмек автокеруені Арыс қаласына жол тартты. 20-ға жуық көлікке құрылыс материалдары мен басқа да керек-жарақтар тиелген. Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер де арнайы есеп-шотқа 20 миллион  тенгеге жуық қаржы аударды.

Толқын Мырзабаева, «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі:

– Әлеуметтік желіге Арыс қаласы бойынша ақпарат тараттық. Қазір Қостанай облысының жастары көмек көрсетіп жатыр. Олар өздерімен бірге кішкентай сәбилерге қажетті тәтті тағамдарын, ойыншықтарын, гигиеналық заттарын әкеліп жатыр. Және бұл соңғы жүк көлігі емес, әлі де қаншама жүк көліктері барады деп оырмыз.

Ал Ақмола облысындағы мемлекеттік қызметшілер мен барлық кәсіпорындардың жұмысшылары өздерінің бір күндік жалақысын Арыстағы ағайынға көмек ретінде аударды. Бұл – 11 млн теңге. Кәсіпкерлерден 5 млн теңге жиналған. Сондай-ақ Арыс қаласының кішкентай тұрғындары өңірдегі демалыс орындарында тыныға алады.

Сәуле Қасымова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілі:

– Барша жерлестерімізді осы іске атсалысуға шақырамыз. Бұл бізге келетін арыстық балалардың ата-аналары үшін үлкен көмек болады.

Ал Семей қаласындағы медицина университетінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударып қоймай, травматология ортопедиялық кафедра дәрігерлері апат аймағына барып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. 

Думан Төлеуханов, студент:

– Біз болашақ дәрігер ретінде Арыс қаласында болып жатқан жағдайға немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан да біз университетіміздің студенттері, яғни волонтерлік корпус әрқашанда көмекке дайынбыз.

Тас түскен жеріне ауыр. Бірақ күллі қазақстандықтар қазір алыстағы Арыс халқымен бірге.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы