383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысы арыстық балаларды жазғы лагерьге қабылдауға дайын

  • 111
  • UPD: 09:40, 27.06.2019

Арыс қаласының тұрғындарына жетісулықтар да көмек қолын созып отыр.

Бүгін Алматы облысының тұрғындары мен кәсіпкерлері жинаған қайырымдылық көмектің алғашқы легі Арыс қаласына аттанды. Ең қажетті деген жүктерді тиеген көліктер көп ұзамай оңтүстіктегі ағайынға жетеді.

Бұл – Жетісу өңірінен Арыс қаласының тұрғындарына аттанғалы тұрған алғашқы гуманитарлық көмек. Жалпы Алматы облысында 23 қабылдау пункті ашылған екен. Сол пунктілерге халық пен кәсіпкерлер тарапынан жиналған заттар толыққан сайын осындай гуманитарлық көмек Арыс қаласының тұрғындарына жөнелтіліп отырады.

Алматы облысының әр ауданынан жиналған заттар Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта шоғырландырылды. Жалпы онға жуық жүк көлігіне 60 миллион теңгенің заты тиелген. Алматы облысы арыстық балалардың ауыр оқиғадан тезірек айығуы үшін жазғы лагерьге қабылдауға да дайын.

Ғалиасқар Сарыбаев, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Алматы облысында 150 баланы қабылдайтын жазғы демалыс лагерінің орны дайын.

Жетісулықтар ұн, қант, балаларға жаялық, киім-мен қатар құрылыс материалдарын да жіберді.

Қырғызбек Атакелдиев, Жамбыл ауданының тұрғыны, тыл ардагері:

– «Көп түкірсе көл болады» дегендей, қазақ халқы бірігіп, қол ұшымызды жасап жатырмыз. Енді ондай жағдай болмасын.

Ұзынағаш ауылынан Арысқа дейін – 750 шақырым. Керуеннің аман-есен жетуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы полиция экипажы бөлінген. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы