383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдықтар Арысты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысады

  • 148
  • UPD: 16:04, 27.06.2019

Арыс қаласында орын алған жарылыстан зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып әулиеаталықтар қол ұшын созды.

Қазір жамбылдықтар Арыс қаласындағы өздеріне бөліп берілген 3-аумақты қалпына келтіру жұмыстарына дайындықты бастап кетті.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Қазір жарылыс болған жердегі 3-аймақты саперлар тазалап жатыр. Одан кейін қауіпсіз аймаққа Жамбылдан келген 50 адамнан тұратын арнайы топ кіреді. Олар тазалау, зарарсыздандыру, обаға қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізеді. Олардың барлығы Тараздан қажетті құрал-жабдықтары мен арнайы техникаларын алып келген. Тазалау жұмыстары аяқталған соң әр үйдің актісін жасап, шығындарын есептеп шығарады. Барлығы құжатқа түсіріліп, сметасын жасайды. Бұл шығындардың барлығына қаржы Жамбыл облысында құрылған қордан төленеді. Одан бөлек осындай жағдайларға бюджет есебінен бөлінген қаржының есебінен бүлінген үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған өңірдегі 15 компаниядан 150 жұмысшы бөлінген.

Айта кетейік, жергілікті биліктің бастамасымен, барша белсенділердің атсалысуымен кеше Жамбыл облысынан арыстықтарға гуманитарлық көмектің алғашқы легі жеткізілді. Нақты айтқанда 10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана құс жұмыртқасы, 1,5 тонна тауық еті, 350 келі шұжық өнімдері, 1 тонна сүт өнімдері. Бұдан бөлек 4 арнайы бригада жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта тағы да 180 тоннадан гуманитарлық көмек жіберіледі деп көзделуде. Сонымен қоса облыс басшысы Асқар Мырзахметов және оның орынбасарлары мен департамент, басқарма басшылары және аудан әкімдері осындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік айлық жалақыларын аударған.

Хабар 24 телеарнасы