384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қымызмұрындық» жайлы не білеміз?

  • 322
  • UPD: 15:58, 27.06.2019

Көшпенді қазақ халқының жаз жайлауға жеткенде тойлайтын ұлық мерекесі бар.

Ол «Қымызмұрындық» деп аталады. Осы күні ел-жұрттың ақ батасымен желіге құлын байланып, бие сауылады. Кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді Алматы облысының шаруалары жандандырып келеді. Жыл сайын Текелі тауының бөктерінде бұл мейрамды бар сән-салтанатымен атап өтеді. Биыл да игі шара жалғасын тапты.

Жылқының маңдайына май жағу – қымызмұрындық мерекесінің басы. Тоқшылық пен молшылық болсын деген ізгі тілекпен ақ жаулықты аналар да желі басына орамал тақты.  Міне, осыдан соң құлын байланып, бие сауылды. Сабаға құйылған саумал пісілді.

Бұл мерекеде бұлжытпай орындалатын тағы бір дәстүр бар. Ол «Ақ тамақ» деп аталады. Яғни қазан-қазан ет асылып, берекелі дастархан жайылады. Мың да бір дертке шипа болған қымыз құйылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен үлкен-кішіге тегіс ұсынылады.

Мәкен Нұрбайқызы, Текелі қаласының тұрғыны:

– Мына тұрған малдың сүтінен ақтан жасалған тағамдар «Ақ тамақ» деп аталады. «Ақ тамаққа» қымыз, қымыран, ірімшік кіреді.

«Қымызмұрындық» мейрамында ұлттық тағамдармен қатар, салт-дәстүріміз кеңінен көрініс тапты. Соның бірі – шу асауды үйрету. Бұл күні жүген, ноқта тимеген құла құнанға шалма салынып, алғаш рет тақымдалды. Бір қызығы ырық бермей тулаған төрт түліктің төресін 70 жастағы Құрмет Ақанұлы тапжылтпай басып ұстады. Қайраты қайтпаған қария көрік отын қыздырып, темірден де түйін түйді.

Құрмет Ақанұлы, қолөнер шебері:

– Кездікті өзім жасаймын. Ешкі, арқардың мүйізінен жасалады. Асыл темірмен жүзін жасадым. Соғып отырып жасалатын темір.

Мереке соңы ұлттық спорттық ойындарға ұласты. Тақымы мықты білекті де, жүректі жігіттер аударыспақта сынға түсіп, көкпар тартты. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы