384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әблязовтің сыбайластары елге оралып жатыр

  • 393
  • UPD: 23:35, 27.06.2019

Сырттай 20 жылға сотталған Мұхтар Әблязовтің сыбайластарының біразы өз еркімен елге оралған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды қылмыстық істерді тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жасап, БТА банкінің 7,5 млрд доллар қаржысын жымқырған Әблязов ісі бойынша 42 адам сотталған.

Елге қайтып оралған 10 адамның ішінде банктің 3 топ менеджері бар. Олардың кінәлары толық дәлелденген. Алайда тергеу амалдарына көмек көрсеткендері үшін шартты жазамен құтылған. Ал елге оралған 7 адамға қатысты тергеу амалдары мамыр айында аяқталып, іс прокуратураға жіберілген.

Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы:

– Сыбайластарының ішінде Әблязовтің бақылауындағы компаниялардың директорлар кеңесінің төрағасы Трофимов бар. Ол ұйымдасқан қылмыстық топқа Ресейде отырып басшылық жасаған және ақшаны жымқырумен айналысқан. Трофимов Өзбекстанда ұсталды. Австрияда босқын статусы бар және Ресей азаматтығын алған Трофимов Қазақстанға экстрадицияланды. Одан бөлек, Ресейден банктің заңгері, басқарушы директоры, Венгриядан кредиттің басқарма бастығының екі орынбасары елге жеткізілген.

Хабар 24 телеарнасы