389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста шығындарды есептеу жұмыстары басталып кетті

  • 399
  • UPD: 22:44, 28.06.2019

Арыс қаласының тұрғындары үйлеріне оралды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір жұртшылық бүлінген баспаналарын тазалап жатыр. Ал жауапты мамандар әр тұрғын үйдің ауласын дәрілеп, қажетті көмек мөлшерін есептеуге кірісті. Арыста атқарылатын жұмыс әлі ауқымды.

Арыс қаласының кіре берісінде көлік кептесілі байқалады. Таң ертеңнен бері тұрғындар өздерінің үйлеріне асығып келіп жатыр. Олардың кейбірі сол күні оқиғаны көзбен көрді, енді бірі қонақты болып немесе өзге қалада болып, жарылыстың салдарын білмеді. Қазір олардың сөзін тыңдап көреміз.

Захида Науатбек, Арыс қаласының тұрғыны:

– Қазір Шымкенттен келгенім осы. Осы үйдің іші. Әлі кірген жоқпын, үйге енді кіріп жатырмыз. Жарылыс болғанда жұмыста болдым, «Айгөлек» балабақшасында. Үйге қарай жүгірдім. Одан үйге жетсем, күйеуім мен балам шығып кетіпті үйден. Одан жолға қарай шықтым. Содан ары қарай әскерилер бір көлікке мінгізді.

Төрт күн иесіз қалған үйлерге бүгін қайта жан бітті. Тұрғындар қажетті заттарын қаладан әкеліп, баспаналарын реттеуге кірісті. Онымен бірге арнайы техникалар келіп, қаланы қоқыстан тазартып жатыр.

Шығындарды есептеу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта мамандар әр үйдің есігін қағып, үй иесінің бар-жоғына көз жеткізіп жүр. Мәселен, дәл осындай «Жоқ» деген жазу тұрса, бұл үйдің тұрғыны әлі келмеді деген сөз.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Арыс қаласында еліміздің бар облысының мамандары жұмыс істеп жатыр. Дәл біз тұрған жерге Жамбыл облысы жауапты. Сондықтан бұл жердегі қызметкерлердің дені сол көрші облыстан келгендер.

Мамандар аулаларға дәрі сеуіп, тазалап жүр. Бұл шыбын-шіркейді өлтіріп, түрлі аурулардың алдын алады.

Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

– Бұзылған дүниелердің бәрін қалпына келтіреміз. Терезеңіз бар, есігіңіз бар, шатырыңыз бар. Кімде не жасалған, сонымен қалпына келтіреміз.

Қағаз ұстаған қызметкерлер барлық шығынды толық есептеп шығады. Сөйтіп бір-екі күнде құрылыс жұмыстарын бастайды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

– Бірінші кезекте біз ауруханаларды, емханаларды іске қосып жатырмыз. Қазір бүгіннің өзінде екі емхана жұмысқа қосылатын болады. Ары қарай мектептерге біраз уақыт бар. Оларды толық жөндеуміз керек болады. Оқу жылына оны біз дайындауымыз керек болады. Басқа да әлеуметтік нысандар. АІІБ, әкімдік бір-екі аптаның ішінде бәрі жөнделіп, жұмысқа кірісетін болады.

Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Оның сыртында ескерту жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Мәселен, бүгін электр жарығы мен қалаға су берілді. Тұрғындар осы тұста ескеруі тиісі – тіршілік нәрін қайнатып ішу керек. Ал егер күдікті зат байқалса, бірден 112 немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әліби Жүніс, Дулат Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы